Павлодарлық студент Францияда өткен WorldSkills чемпионатынан медальон жеңіп алды
Ол өзінің құзыретін растады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
47-ші WorldSkills халықаралық чемпионаты Францияның Лион қаласында өтті. Қазақстан құрамасына «мейрамхана сервисі» құзыретіндегі ұлттық байқаудың жеңімпазы, Павлодар қаласының сервис және тамақтану колледжінің үшінші курс студенті Артур Лейман кірді. Павлодарлық студент әлемнің 36 елінің қатысушыларымен бәсекеге түсіп, «Best of nation – ұлттың үздігі» медалінің иегері атанды.
Өндірістік оқыту шебері, «WorldSkills» өңірлік және ұлттық байқауының сарапшысы Альмира Садриденованың сөзінше, жас жігіт әрқашан табандылықпен көзге түсетін.
– Артур өз мамандығын жақсы көреді және дамып, өскісі келеді. Ол университетте осы мамандық бойынша әрі қарай оқуын жалғастырмақ, – деді тәлімгер. – Біз Артурмен өңірлік және екі республикалық чемпионаттан өтіп, бірінші орынға ие болдық.
Чемпионатқа дайындалып жатқан кезде Артур Лейман Алматыда сомельеге оқып, «шарап сарапшысы» сертификатын алды. Қазан қаласында өткен WorldSkills International кәсіби шеберліктен әлем чемпионатында мейрамхана сервисі бойынша курстардан өтті. Жазда Әлем чемпионатына дайындық барысында студент Швейцариядағы достық турниріне де қатысып үлгерді.
– Құраманы әлемдік чемпионатқа дайындаумен айналысатын колледж басшылары мен шеберлері Лионда өз мамандықтары бойынша жұмыс істейтін оқу орындары мен кәсіпорындарда халықаралық тағылымдамадан өтті, – деді Альмира Садриденова.
Қазақстандық педагогтар француз кәсіптік білім беру колледждерінің жұмыс және оқыту жүйесімен танысты. Сонымен қатар, олармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарлануда. Бұл студенттер мен оқытушыларға Францияға тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.