Павлодарлық полицейлер тұрмыстық құқық бұзушылықпен күресуде
Осы мақсатта тәртіп сақшылары «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, тұрмыста құқыққа қарсы әрекеттерге жол берген тұлғаларды анықтау мақсатында ауқымды шара басталды. Ол – 15–22 ақпан аралығында өтетін «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы.
- Шара барысында отбасында және тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды, сондай-ақ осал жағдайдағы азаматтарды, оның ішінде әйелдер мен балаларды тексеруге ерекше назар аударылады. Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласуыңызға, 8 (7182) 39-81-14 сенім телефонына қоңырау шалуыңызға немесе @7_police_pvl Instagram парақшасының директіне жазуыңызға болады, - дейді тәртіп сақшылары.
Мамандар құпиялылыққа кепілдік берілетінін еске салады.