«Заң мен тәртіп»: Павлодарда оқушылар жолдан қауіпсіз өтуді үйренді

«Заң мен тәртіп»: Павлодарда оқушылар жолдан қауіпсіз өтуді үйренді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Профилактикалық іс-шараға Кенжекөл ауылының 4-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Павлодар облысының полицейлері балалар арасында жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізуде.

Кенжекөл ауылының 4-сынып оқушыларына арналған сабақ барысында полиция қызметкерлері балалармен бірге жолға шығып, жаяу жүргіншілер өткелінен қауіпсіз өтудің тәртібін көрсетті. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, көшеде кездесетін қауіпті жағдайларға назар аударды.

– Оқушылар сабаққа қызығушылық танытып, белсенді қатысты. Мұндай профилактикалық іс-шаралар балалардың жол қауіпсіздігі туралы білімін арттырып, көшеде жауапты мінез-құлық қалыптастыруға бағытталады, – делінген хабарламада.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда асықпай, тротуардың шетінде тоқтап, алдымен екі жаққа қарау қажет. Жолды тек жақындап келе жатқан көліктердің жоқтығына көз жеткізгеннен кейін ғана кесіп өту керек.

Сондай-ақ инспекторлар балаларға қоғамдық көлікке міну және одан түсу кезінде сақ болуды ескертті. Әсіресе, аялдама маңында автобустың алдынан немесе артынан жүгіріп шығу қауіпті. Балалар автобустың толық тоқтағанын күтіп, жолға жүгіріп шықпауы керек.

Ведомство өкілдері жолдағы қауіпсіздік дағдыларын бала кезден қалыптастырудың маңызын атап өтті. Олардың сөзінше, жол қозғалысы ережелерін білу ғана емес, жол жағдайын дұрыс бағалап, қауіпті дер кезінде аңғара білу де маңызды.