Павлодарда жарнама өнімдерінің дұрыс ресімделуі бойынша кеңестер ұсынылды

Павлодарда жарнама өнімдерінің дұрыс ресімделуі бойынша кеңестер ұсынылды
Фото: Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Көрнекі ақпарат сауаттылығы – баршаға ортақ іс» тақырыбындағы семинар өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Шараны Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастырды. Семинар барысында көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерінің жай-күйі, көрнекі ақпарат бойынша бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселелер қамтылды. Қатысушылар аталған мәселелер бойынша сауалдар қойып, проблемаларды шешу жолдары туралы өз ойларын, тәжірибелерін ортаға салды, сондай-ақ, маңдайшалардың, тауар белгілерінің, қоғамдық көліктердегі жарнама өнімдерінің дұрыс ресімделуі бойынша кеңестер алды.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 21-бабы бойынша  деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады.

–  Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде –  сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде берiледi, – дейді басқармада. 

Аталған шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Майраш Сағымбаева мен бас сарапшысы Ернияз Сұлтан, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері, қалалар мен аудандардың тіл мамандары, жергілікті ЖОО-ның профессорлары, мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету нысандарының мамандары, қала, аудандардағы жеке кәсіп иелері қатысты. 

Семинар барысында облыстағы көрнекі ақпараттың жай-күйі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының  орындалуы туралы баяндамалар тыңдалды.