Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х парақшасына. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті.

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған бес бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. 

– Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді.  Олардың ішінде үш ұл және екі қыз бар, – деп жазылған хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.

Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады.