Павлодар облысының құтқарушылары пеш жаққанда сақ болуды сұрайды
Өрт сөндірушілер пешті айына бір рет тазалап тұруға кеңес береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Оразбек Уәлиханов мәлім етті.
– Жылыту маусымы басталуымен тұрғын үй секторында 17 өрт шықты. Өрттің залалы- 4,8 миллион теңгені құрады. Тұрғын үй секторында өрттің басты шығу себептеріне – халықтың отты абайсыз пайдалануы, электр сымдар мен пештердің ақаулықтары жатады,– деді ол. – Жыл сайын жылыту маусымы кезінде сымның тұйықталуынан өрттің өсуі байқалады. Сол себептен сымдарды, жабдықтарды білікті мамандарға көрсетіп, жөндеткізген жөн.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, биыл Аққулы ауданында қамыс үйде өрт шығып, 74 жастағы адам көз жұмған.
– Оның мас күйінде төсекте шылым шеккені анықталды. Ал Екібастұз қаласында Төртүй ауылында екі ер адамның денесі табылған. Алдын ала болжам бойынша, олар газбен уланып қалған, – деді Қайрат Шаймарденов.
Департаментте тұрғындардан өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң ескеріп, қадағалауды сұрайды.
– Ең қарапайым ережелерді сақтауға шақырамыз. Пештің жанында ағаш пен киімдерді кептірмеу, жанғыш сұйықтықты пешке жақпау қажет, ақаулықтарды уақытында сырлап, тазалау керек, – деді Оразбек Уәлиханов.
Спикерлердің айтуынша, ереже бойынша пеш үш айда бір рет тазалануы керек. Алайда қазіргі кездегі көмірлердің әртүрлі түрін ескере отырып, пештің түтін мұржасын күйеден айына бір рет тазалау ұсынылады. Күйемен бітелген түтін мұржасын уақытында тазаламау улы газдың үйге таралып кетуіне әкеледі.