Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар қысқартыла ма: министрлік түсініктеме берді

Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар қысқартыла ма: министрлік түсініктеме берді
Фото: gov.kz

Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдердің жойылатыны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, интернетте әлеуметтік жәрдемақыларды тоқтату, мөлшерін азайту және азаматтарды мемлекеттік қолдаудан айыру туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Ведомство мемлекет азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтынын мәлімдеді. Қазіргі өзгерістер әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге және көмекті мұқтаж отбасыларға бағыттауға арналған.

– Отбасының материалдық жағдайына қарамастан, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақылар сақталады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де толық көлемде жүзеге асырылады, – деп хабарлады министрлік.

Атап айтқанда, жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдер отбасының табысына қарамастан төлене береді.

Ал 2027 жылдан бастап республикалық бюджеттен берілетін 36 түрлі жәрдемақының 12-сіне қатысты жаңа тәсіл енгізу көзделген. Оларды тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайы ескеріледі.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл әлеуметтік кепілдіктерді жою емес, мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін бөлу тәртібін жетілдіру болып саналады.

Ведомство азаматтарды әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.