Павлодар облысында полиция жасанды интеллекті бар камераларды қолдануда

Павлодар облысында полиция жасанды интеллекті бар камераларды қолдануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа технологиялар күдікті заттарды, төбелестерді және іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Павлодар облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олардың қатарында жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйелері, «SOS» батырмалары және полиция қызметін цифрландыру жобалары бар.

«SOS» батырмалары тұрғындарға төтенше жағдайда тәртіп сақшыларын жедел шақыруға мүмкіндік береді. Ал «Цифрлық полицей» және «Цифрлық учаскелік инспектор» жобалары халықпен байланысты жақсартуға бағытталған.

– «Цифрлық полицей» және «Цифрлық учаскелік инспектор» жобаларына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жобалар полиция қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, халықпен өзара іс-қимылды жетілдіруге және қызмет көрсетілетін аумақтардағы құқықтық тәртіптің жай-күйін тиімді бақылауға бағытталған, – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Вячеслав Ипатов.

Өңірдегі Жедел басқару орталығы көшелер мен қоғамдық орындардағы жағдайды бейнекамералар арқылы нақты уақыт режимінде бақылайды. Бұл құқықбұзушылықтарды анықтап, оқиға орнына полиция жасақтарын дер кезінде жіберуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект қолданылатын камералар адамның бет-әлпетін танып, қаруға ұқсас заттарды, қараусыз қалған күдікті бұйымдарды, адамдардың көп жиналуын, төбелес пен түтінді анықтай алады.

Сонымен қатар интеллектуалды жүйелер көліктердің маркасын, моделін және түсін ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл іздеудегі немесе ұрланған автокөліктерді анықтау кезінде қолданылады.

Полицияның мәліметінше, жаңа технологиялар ықтимал қауіптерді ертерек байқап, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге көмектеседі.