Павлодарда зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған акция басталды

Павлодарда зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған акция басталды
Фото: автор

Жастар құқықтық сауаттылығын интерактивті форматта сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы басталды. Алғашқы іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және отбасындағы күш көрсету әрекеттерінің алдын алуға арналды.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисованың айтуынша, науқан аясында өңірде  300-ден астам кездесу ұйымдастыру жоспарланған.

– Биыл жастармен дәстүрлі дөңгелек үстел өткізудің орнына интерактивті сайыс ұйымдастыруды жөн көрдік. Себебі жас буын – еліміздің болашағы, ертеңгі мемлекеттің негізін қалайтын азаматтар. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығы мен тәрбиесіне ерекше мән беру қажет, – деді ол.

Білім додасына тоғыз команда қатысты. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, Павлодар ауданы және Ақсу қаласының жастары, сондай-ақ Павлодар қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігі оқу орталығының курсанттары бар. Қатысушылар викториналық сұрақтарға жауап беріп, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайларды талқылады.

Сайыс тапсырмалары отбасындағы әлімжеттік, білім беру ұйымдарындағы буллинг және құқық бұзушылық орын алған кездегі іс-қимыл тәртібін қамтыды. Бұдан бөлек, жастарға осындай жағдайларға тап болғанда қайда жүгіну керектігі және қандай әрекет алгоритмін басшылыққа алу қажеттігі жөнінде түрлі кейстер ұсынылды.

– Көптеген тұрғын арнайы сенім телефондарының нөмірлерінен бейхабар. Бүгінгі басқосудың мақсаты – осы мәліметтерді кеңінен тарату және оны қоғамға, әсіресе, жастарға қалай тиімді жеткізуге болатынын қарастыру. Жас буын мәселені өз тілінде, креативті тәсілдер арқылы ақпараттық кеңістікте насихаттаудың жолдарын ұсынады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қатысушылардың жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, психологтар мен педагогтер сарапшылық баға берді. Олар жауаптардың дұрыстығын саралап, тәжірибеге негізделген кеңестерін ұсынды.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ИНеУ кафедра меңгерушісі әрі сарапшы Бағжанат Қайырбекова күш көрсетудің бірнеше түрі бар екенін атап өтті.

– Зорлық-зомбылық – қоғам үшін аса өзекті әрі күрделі түйткіл. Оның психологиялық, экономикалық, сексуалдық және физикалық түрлері кездеседі. Сондықтан бүгін командалардың бұл мәселеге қатысты көзқарасын және оны шешу жолдары жөніндегі ұсыныстарын бағалаймыз, – деді сарапшы.

Павлодар қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігі оқу орталығының тыңдаушысы Зейнеп Ибадулла курсанттардың мұндай бастамаға қатысуы олардың болашақ кәсіби қызметімен тікелей байланысты екенін жеткізді.

– Адам құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Сол себепті мұндай шаралардың маңызы зор. Бүгінгі тапсырмалар барысында заңнамаға қатысты сұрақтарға басымдық беріледі деп ойлаймын, – деді ол.

Ұйымдастырушылар сайыс нәтижесінде үздік шыққан командалар мен белсенділік танытқан жастарды марапаттауды көздеп отыр. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары халықаралық акция аяқталғаннан кейін де жалғасын табады. Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы осы бағыттағы бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, жастарға арналған тың форматтарды енгізуді жоспарлап отыр.