Павлодарда өрт сөндірушілер көпқабатты тұрғын үйде оқу-жаттығу өткізді

Павлодарда өрт сөндірушілер көпқабатты тұрғын үйде оқу-жаттығу өткізді
Фото: Наталья Зинченко

Құтқарушылар су жеткізу, эвакуациялау және көліктерді жолдан алу тәсілдерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Арнайы жаттығу Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайында ұйымдастырылды. Шартты сценарий бойынша көпқабатты үйдің жоғарғы қабаттарында өрт шығып, ғимарат ішінде адамдар қалып қоюы тиіс. Оқиға орнына жеткен мамандар бірден барлау жүргізіп, өрт сөндіру күштерін орналастырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды.

Өрт сөндірудің күрделі кезеңдерінің бірі – биік қабаттарға үздіксіз су жеткізу. Осы бағытта мамандар бірнеше тәсілді сынақтан өткізді. Атап айтқанда, автоцистерналарды пайдалану және суды аралық нүктелер арқылы айдау әдісі қолданылды.

– Биік ғимараттарда өрт сөндірудің жаңа мүмкіндіктерін тексеру біз үшін өте маңызды. Бүгін автоцистернадан бөлек, мотопомпаларды пайдаланып, суды бір нүктеден екінші нүктеге айдау тәсілін көрсеттік. Ғимараттың шамамен алтыншы-жетінші қабатында аралық су ыдысын орналастыруға болады. Одан әрі су мотопомпа арқылы келесі деңгейге жеткізіліп, 16-қабаттағы шартты өрт ошағына бағытталады, – деді Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіруді ұйымдастыру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының бастығы Ақылбек Баяхметов.

Жаттығуға бес автоцистерна мен екі арнайы техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, авариялық-құтқару, штабтық және жедел қызметтік көліктер де қатысты. Олардың қатарында 16-қабатқа дейін көтеріле алатын автосаты мен иінді көтергіш бар.

Жаттығудың тағы бір маңызды бөлігі – адамдарды түтін басқан ғимараттан шығару. Құтқарушылар тұрғындарды тыныс алу органдарын қорғайтын арнайы құрылғылармен алып шығуды, газ-түтіннен қорғайтын капюшондарды пайдалануды және зардап шеккендерді жоғары қабаттардан түсіруді көрсетті. Оқу-жаттығу кезінде ауладағы көліктердің өрт сөндіру техникасының қозғалысына кедергі келтіруі де назардан тыс қалмады. Шартты сценарий бойынша жүргізушісі табылмаған автокөлікті арнайы техникамен сүйреп, жолды босату жұмыстары орындалды.

– Тұрғын үйлердің аулаларында көліктердің ретсіз қойылуы арнайы техниканың оқиға орнына жетуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бүгін осы жағдайды да тәжірибе жүзінде көрсеттік. Көлік иесін таба алмаған жағдайда машинаны орнынан жылжытуға тура келеді. Әзірге мұндай жағдайлармен жиі кездеспейміз, алайда оған дайын болуымыз керек, – деді Ақылбек Баяхметов.

Мамандардың сөзінше, биік ғимараттағы өртті толық сөндіруге кететін уақытты алдын ала нақты айту мүмкін емес. Барлығы өрттің таралуына, ғимарат ішіндегі жағдайға және адамдардың өміріне төнген қауіпке байланысты. Алдымен барлау жүргізіліп, құтқару жұмыстарының басым бағыттары анықталады. Егер тұрғындардың өміріне қауіп төнсе, бірінші кезекте оларды қауіпсіз жерге шығару міндеті қойылады.

Айта кетейік, өрт сөндіру бөлімшелерінің дабыл бойынша жиналып, жолға шығуына белгіленген уақыт бір минуттан аспайды. Алайда оқиға орнына жету уақыты жол жағдайы мен көлік қозғалысына да тәуелді.