Қазақстанда мақта шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Мақта шаруашылығы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, елдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына да елеулі серпін беріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, мақта егілетін негізгі өңір – Түркістан облысы. Мұнда бүгінде 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді, оларда шамамен 70 мың адам еңбек етеді. 2024 жылы мақта егісінің көлемі 106,4 мың гектарды құрап, әр гектардан орта есеппен 28,3 центнер өнім алынды. Жалпы, 301,7 мың тонна мақта шикізаты жиналды.
Биыл заманауи технологиялардың енгізілуі нәтижесінде егіс көлемін 135,2 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Әсіресе су үнемдеуге бағытталған әдістерге басымдық берілуде: тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқаптар көлемі 50 мың гектарға дейін өсіп, дәстүрлі тәсілмен егілетін жерлер 19,3 мың гектарға қысқарады. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдаланып, климаттық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді.
Саланы қолдау мақсатында мемлекет тарапынан кешенді субсидиялар қарастырылған. Атап айтқанда, мақта өсірудің барлық кезеңдеріне қолдау көрсетіледі: минералды тыңайтқыштар құнының 60 пайызына дейін, пестицидтердің 50 пайызына дейін, биологиялық препараттар мен элиталық тұқымдардың 70 пайызына дейін, ал мақта тұқымының 100 пайызына дейін субсидияланады. Сонымен қатар, су жеткізу шығындарының 50–85 пайызына дейін және инвестициялық жобаларға қолдау көрсетілуде.
Қазіргі таңда Қазақстан жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізатын және 70–75 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Бұл өнімнің 85 пайызы Түркия, Латвия, Қытай, Ресей және басқа елдерге экспортталады. Алайда, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту басты назарда тұр.
Осы мақсатта мақта-тоқыма кластерін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба Түркістан облысында іске асырылуда. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен қолға алынған жобаның жалпы құны – 146,8 миллиард теңге. Жоба аясында 50 мың гектар алқап игеріліп, оның 32 мың гектарында биыл тамшылатып суару жүйесі қолданылады. 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашу жоспарланып отыр.
Мақта шаруашылығында заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және ауқымды жобаларды іске асыру саланың тұрақты дамуына және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.