Павлодар ұстаздары республикалық IT-компетенциялар байқауында үздік шықты

Павлодар ұстаздары республикалық IT-компетенциялар байқауында үздік шықты
Фото: автор

Шараның жабылуы ақпараттық технология колледжінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Айта кетейік, шараға 16 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан келген 60-тан астам қатысушы мен эксперт жиналды. 

Байқауға Павлодар қаласынан  үш қатысушы мен үш сарапшы қатысты. Нәтижесінде екі қатысушы бірінші орынды, ал бір қатысушы екінші орынды иеленді.

Соның ішінде облыстың намысын қорғаған  Сұлтан Нұркенов Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, алгоритм және жобалық бағдарламалау құзыреті бойынша бірінші орынды иеленді.

– Бұл менің республикалық байқаудағы алғашқы қатысуым. Ұзақ әрі қажырлы еңбектің нәтижесінде жеңіске жеттік. Әрине, шаршағандық бар, бірақ тоқтамаймыз, IT саласын әрі қарай дамытуға, білім беруді жетілдіруге күш саламыз, – деді Сұлтан Нұркенов.

Оның айтуынша, ең қиын тапсырма – бес сағат бойы нөлден бастап терезелік қосымша жасау болған.

– Интернет пен жасанды интеллект қолдануға рұқсат болмады. Сондықтан бәрін өз күшімізбен жасадық. Мен осы сайысқа барынша барлық жігерімді салып дайындалған болатынмын, сондықтан маған жеңу маңызды болды, – дейді ол.

Сондай-ақ Сұлтан Нұркеновтың айтуынша, Алматы мен Ақтөбе өңірлерінің қатысушыларын ең мықты қарсылас болғанын айтты. Бұл өңірлерден келген мамандардың көбі өндірістен келген тәжірибелі адамдар. Олар терең білімдерін көрсетті. Ойлардың ойларына, білім қабілеттері жоба жасағанда анық көрінді. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар педагогтардың кәсіби деңгейін арттырып, IT саласында жаңа серпін береді.