ЖИ ұстаздарға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді: Павлодарда жаңа жоба таныстырылды

ЖИ ұстаздарға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді: Павлодарда жаңа жоба таныстырылды
Фото: автор

«AMANAT» партиясы мен «Daryn Ustaz» орталығының бірлескен жобасы педагогтердің кәсіби жүктемесін азайтуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодарда өткен «Жасанды интеллект – ұстаздың көмекшісі» атты кездесуге білім басқармасының өкілдері, барлық аудандық білім бөлімдерінің жетекшілері, әдістемелік орталықтардың басшылары мен мамандары, сондай-ақ облыс орталығының мектеп және колледж директорлары, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының өкілдері қатысты.

Жоба педагогтердің күнделікті жүктемесін азайтуға және заманауи цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған. Бұл курс барлық мұғалімге тегін қолжетімді және онлайн форматта өтеді. Мұғалімдер жасанды интеллект көмегімен сабақ жоспарын жасау, тапсырмаларды саралау, бағалау және оқушыға жеке тәсіл қолдану жолдарын меңгереді.

– Бұл жоба мұғалімнің басты көмекшісіне айналуы тиіс. Көптеген педагогтер қағазбастылықтан қолы босамай, шығармашылыққа уақыт таба алмайды. Ал жасанды интеллект мұғалімнің уақытын үнемдеп, оның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді, – деді «Daryn Ustaz» біліктілікті арттыру орталығының бас маманы Айбат Теміржан.

Жоба үш саты бойынша жүзеге асырылады: онлайн курс – барша педагогтер үшін тегін әрі қолжетімді, педагогикалық хакатон – Астана қаласында өтеді, халықаралық тәжірибе – үздік 20 мұғалім Оңтүстік Кореяға тегін сапармен барып, тәжірибе алмасады.

– Біздің педагогтер ел бойынша барлық жаңашылдықтарға бірінші болып үн қосады. Павлодар облысы – білім беру саласында алдыңғы қатарда. Мұғалімдеріміз жасанды интеллектті меңгеруге қызығушылық танытып отыр. Бұл курстар мен байқаулар олардың кәсіби дамуына тың серпін береді. Осы мүмкіндікті ұсынып отырған «AMANAT» партиясына және «Daryn Ustaz» орталығына алғысымызды білдіреміз. Жасанды интеллект саласындағы міндеттерді бірге жүзеге асырамыз, – деді облыстық білім басқармасының өкілі. 

Аталған жоба Президенттің «Цифрлық Қазақстан» және білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларына үндес. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесінің қызметі аясында жүзеге асырылып отыр.

Курс аяқталған соң қатысушылар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 75-бұйрығына сәйкес сертификат алады. Бұл құжат мұғалімдердің аттестациясы мен біліктілігін арттыру барысында жарамды болып саналады.

– Курс тегін, онлайн форматта өтеді. Мұғалім өзіне ыңғайлы уақытта өтіп, кейін сертификатты жүктей алады. Бұл – еліміздегі педагогтер үшін үлкен мүмкіндік, – деді Айбат Теміржан.

Павлодар облысында өткен кездесу – мұғалімдерге арналған цифрлық серпілістің басы. Жоба жасанды интеллектті білім беру жүйесіне тиімді енгізіп, ұстаздың кәсіби өмірін жеңілдетуді көздейді.

Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оның ең сенімді көмекшісіне айналады.