Павлодарлық жас кларнетші халықаралық байқауда топ жарды

Павлодарлық жас кларнетші халықаралық байқауда топ жарды
Фото: Рахат Құрбанның жеке мұрағатынан

Ол бала кезінен өнерге жақын болып, шығармашылық қабілеттерін өсе келе дамытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар музыкалық колледжінің дарынды студенттері Алматыда өткен Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен жиналған 224 жас музыкант өнер көрсеткен додада жас таланттар «Үрлемелі», «Соқпалы» және «Ішекті» аспаптар бойынша шеберліктерін сынады. Әсіресе «Үрлемелі және соқпалы аспаптар» номинациясында бәсекелестік жоғары болды – бұл бағытта 168 орындаушы бақ таластырды.

Осы қуатты құрам ішінде Павлодар облысының намысын қорғаған  Рахат Құрбан жоғары жас санатында бірінші орынды жеңіп алып, қазылар алқасының ерекше назарын аударды.

Құрбан Рахаттың өнерге деген махаббаты бала күнінен басталған. Ол небәрі бір жасынан бері театр сахнасында өсіп келеді. Анасы – ҚР Мәдениет қайраткері, Ж. Аймаутов атындағы театрдың негізін қалаушылардың бірі. Сол себепті Рахат кішкентай кезінен қойылымдарға қатысып, сахнаның тынысын сезініп өскен.

– Оркестр үні мені кішкентайымнан еліктірді. Филармония сахнасында тәжірибелі музыканттармен бірге өнер көрсету үлкен мектеп болды. Әнші Серік Ибрагимовке қатты еліктейтінмін. Кларнетті таңдауыма да сол әсер етті, – дейді Рахат өз әсерімен бөлісіп.

Алғашқы музыкалық білімін ол Қаладағы Құрманғазы атындағы №1 музыка мектебінде алып, жеті жыл бойы кәсіби дайындықтан өтті.

Жас музыканттың жетістігі – оның еңбегімен бірге ұстаздарының жүйелі жұмысының нәтижесі. Құрбан Рахаттың жетекшісі – Диас Үсенов, ал сүйемелдеушісі – Наталья Якшова.

Бұл жеңіс – жас таланттың халықаралық деңгейдегі алғашқы үлкен жетістігі ғана емес, оның шығармашылық жолындағы жаңа белесі.

–  Жеңіс – мен үшін үлкен мотивация. Әлі де үйренетінім көп. Қазақстанды халықаралық сахналарда танытқым келеді, – дейді жас музыкант.

Павлодарлық өнерпаздың табысы – өңірдегі музыкалық білім сапасының жоғары екенін дәлелдейтін нәтиже.