Қызанақ көбелегі: Павлодарлық фермерлер заманауи әдістерді үйренуде
Диқандар пестицидтерді азайтып, «таза» өнім алу жолдарын үйренуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аграрлық сектордың дамуы және жемістер мен көкөністерге сұраныстың артуы жағдайында зиянкестермен күресу үшін химиялық пестицидтерді интенсивті және бақылаусыз қолдану барған сайын артып келеді. Сонымен қатар жаһандық жылынумен бірге зиянды организмдердің түрлі құрамы да өзгеріп, жаңа аурулар пайда болуда.
Павлодар облысының диқандары да осындай мәселелерге тап болып отыр. Жергілікті шаруалар жеміс-жидек дақылдарының бактериялық күйігінен (шығын 50 мың гектарға жетеді), қызанақ көбелегінен, қызанақ жемістерінің мыжылуынан егін шығындарына ұшырауда. Қоңыр мәрмәр қандала және т.б. жаңадан пайда болған зиянкестер қауіп тудырады.
Осыған орай, Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мамандары Павлодар облысының фермерлерін өсімдік ауруымен күресудің заманауи әдістерін қолдануды үйретуде. Бұл қауіпті препараттарды қолдануды 60 пайызға дейін азайтуға, оларды қауіптілігі төмен заттарға ауыстыруға, ал кейбір кезеңде тыңайтқыштардан толық бас тартуға мүмкіндік береді.
Тренингке Павлодар облысының фермерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық және облыстық, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдерін қосқанда 30-ға жуық адам қатысты.
Атап айтқанда, ұйым сарапшылары өсімдіктерді кешенді қорғау туралы айтады. Бұл қауіпті және карантиндік зиянкестердің таралуын бақылауда ұстауға, экологиялық таза және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және пестицидтерді тұтынуды азайтуға көмектесетін ұйымның бірегей құралы.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда өсімдіктерді зиянкестерден қорғау тек жоғары улы пестицидтермен өңдеу керек деген стереотип қалыптасқан. Бірақ бұл – мүлдем қате көзқарас. Топырағымыз бен экологиямызды сақтау, қауіпсіз ауыл шаруашылығын дамыту үшін тыңайтқыштардың мөлшері мен өңдеу мерзімін оңтайландыру қажет. Ерекше қауіпті пестицидтерге балама таңдау да маңызды жайт, бұл қауіптілік класы 3-4 пестицидтерді, биофунгицидтер мен биоинсектицидтерді қолдануды қажет етеді, – деді Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институты өсімдіктер карантині бөлімінің меңгерушісі Жанна Исина.
Айта кетерлігі, өсімдіктерді кешенді қорғау тиімділігін көрсету үшін ұйым 2023 жылы Қазақстанда алма бақтарында, қызанақ пен қырыққабатта сынақтар өткізді. Тәжірибе көрсеткендей, пестицидтерді қолданудың айтарлықтай азайғанына қарамастан, пестицидтер ескі әдіспен қолданылған орындармен салыстырғанда жақсы нәтижелерге жеткізген.
Аталған ұйым жақын арада Қазақстанның барлық аймақтарында осындай оқу өткізуді көздеп отыр.