ДКО: Павлодарлықтар қандай спорт түрлерінен өнер көрсетеді?
Дүбірлі додада өңіріміздің атынан жеті спортшы және жеті төреші қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.
28 тамызда Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында су алу рәсімін өткізу және 30 тамызда Павлодар қаласында Астана қаласына баратын «Бірлік керуені» делегациясын шығарып салу жоспарлануда. Өңірлік керуеннің құрамына Батыр, сегіз белгілі қоғам қайраткері, 10 елші және бір Халық банкінің өкілі, сондай-ақ ДКО этноауылында Павлодар облысының мәдени бағдарламасын ұсынумен айналысатын шығармашылық ұжымдар кіреді.
– Ойындар қарсаңында 7 қыркүйек күні «Көшпенділер ғаламы» этноауылы ашылады. «Бірлік Керуені» жобасы шеңберінде аймақтық этноқатынас, яғни «Ертіс өңірінің тарихи мұрасы – Қимақ қағанаты», «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі», «Өңірлік туризм» тақырыбында үш киіз үй орнатылатын болады, – дейді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
Басшының айтуынша, бірінші киіз үйде Павлодар облысы тарихи-өлкетану музейі мен Павлодар облысының 9-11 ғасырлар аумағында болған Қимақ қағанатының тарихы бойынша көрме ұйымдастырылады. Екінші киіз үйде тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі көрмесінің экспозициясында экспозициясында өңірлік көрнекті тұлғалардың шынайы құнды, тұрмыстық заттары, сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, жеке жазбалар, қолжазбалар және ұрпақтар үшін ұлттық мәдениеттің символына айналған ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығын баяндайтын басқа да материалдар болады. Үшінші киіз үйде өңірдің тарихы мен киелі туризмі бойынша ақпарат беріледі.
Сондай-ақ, облысымыздың өнерпаздары 9 қыркүйек күні басты концерттік алаңда Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан облыстары өнерпаздарымен бірге концерттік бағдарлама ұйымдастырады. Жеке концертте және төрт облыстың біріккен концертінде өнер көрсетеді. Павлодар облысынан Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері және «Шаңырақ» халық шығармашылығының әртістері қатысады.
Этноауылға өңірлік таңдалып алынған қолөнер шеберлері өз жұмыстарын ұсынады. Олар өз өнімдерін этноауылда орналасқан зергерлерге, қолөнер шеберлеріне арналған алаңда орналасады.
Айтыс бағыты бойынша Мизан Жұмәлі мен Нұрбек Бәкір қатысады деп күтілуде. Шет елден келген қонақтарға айтыс өнері жайлы ақпарат беріледі.
Павлодар облысының елшісі Айбек Жұматовтың пікірінше, көшпенділер ойындары ең алдымен қазақтың ұлттық спорт түрлерін насихаттау болып табылады.
– Осындай үлкен алаңның арқасында біз өз ойындарымызды халықаралық деңгейде бүкіл әлемге көрсете аламыз, – деп түсіндірді елші. – Бірақ бұл – біздің спорт түрлерімізді насихаттап қана қоймай, спорттық инфрақұрылымды жаңартуға жақсы негіз.
Сонымен қатар, Павлодар облысынан спорт түрлері бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін ҚР құрама командаларына жеті спортшы кірді. Нақтырақ айтқанда, овари бойынша (тоғызқұмалақ түрі) екі спортшы – Сәкен Ақтаев, Ернұр Мерешев, асық атудан екі спортшы – Жомарт Нұрланов пен Кемір Жаздықбай, қырғыздардың ұлттық ойыны орда бойынша (асық ату ретінде) – Саят Қизат, өзбек халқының ұлттық ойыны құраш бойынша (күрес түрі) – Алтынай Нұрханова, түрік халқының ұлттық ойыны аба бойынша (күрес түрі) Мұхтар Дәлелханұлы қатысады.
Тоғызқұмалақ бойынша – төрт, асық ату бойынша – бір, көкпар, құсбегі бойынша – бір, жалпы алғанда жеті төреші аталмыш жиында белсенділік танытады.
Айта кетейік, Павлодар облысы атынан қатысатын жеті спортшы Алматы, Көкшетау қалаларында тыңғылықты оқу жаттығуларынан өтті. Алдағы уақытта, яғни 28 тамызда Астана қаласына оралып, 7 қыркүйекке дейін дайындық үстінде болады. Спортшылар бір жыл бойы жарақатсыз дайындықтан сүрінбей өтті.