Импортталатын дәрі-дәрмек шикізаты ҚҚС-тан босатылады
Отандық дәрі-дәрмектердің құнын төмендету және саланы қолдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жаңа салық жеңілдіктерін бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
– ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын импортталатын субстанция мен шикізатты ҚҚС-тан босату жөніндегі Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, – деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ведомство ауруханаларда қазақстандық тауарлардың сатып алу үлесін ұлғайтуға ниетті. Егер, мысалы, Бірыңғай дистрибьюторда ол 30% жетсе, медициналық ұйымдарда дербес сатып алу тек 10% құрайды.
Қабылданып жатқан шаралар салада бар серпінді күшейтуге арналған. Бүгінде елімізде 200-ден астам тауар өндіруші тіркелген. 10 айдың қорытындысы бойынша олардың өнімділігі 11,7% өсіп, 156,6 млрд теңгеге жетті. Дәрі-дәрмектің 460 атауын локализациялауды көздейтін тағы 9 инвестициялық жоба қаралу сатысында тұр.