Павлодар облысының тумасы Президенттік жастар кадр резервіне өтті
Қазақстан Республикасы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, ұлттық комиссияның шешімімен резервке 50 адам қабылданды. Іріктелген кандидаттардың тізімі pkrezerv.gov.kz. сайтында жарияланды. Олардың ішінде Павлодар облысының тумасы Фарида Төлеубаева бар.
– Төрт айға таяу созылған тынымсыз жұмыс, көптеген тестілеуден өту. Енді міне, елу адам іріктеуден өтті, – деп жазды Фарида Төлеубаева Іnstagram парақшасында.
Жалпы ұлттық комиссияның қарауына жіберілген 100 үміткердің қорытынды кезеңнен өтпей қалған 50 адамға өңірлік кадрлық резервтерге өту ұсынылады.
Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған азаматтар саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Резервте болу мерзімі – 3 жыл.
Еске сала кетейік, 2016 жылы Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің түлегі Фарида Төлеубаева Қытайдың Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай педагогикалық университетінде қытай тілі факультетінің «Ең үздік студенті» атанған.