«Бүрме қарын», «Әсіп»: Баянауыл келіндері ұлттық тағамдар жасаудан сынға түсті (ФОТО)
«Ұмыт болған ұлттық тағамдар» байқауында ауылдық округтерден 16 қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, байқау алты кезеңнен тұрды. Қатысушылар қазақ келіндерінің үлкенге деген сый-құрмет ретінде алғашқы кезеңде сәлем салып, өздерін таныстырды. Сонымен қатар, ұршық иіріп, қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер түрлерінің бірі – тоқыма тоқу, құрақ құрау өнерлерін көрсетті.
Әр қатысушы қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарының жасалу жолдарын таныстырды. Байқау барысында «Сөк», «Сеппе кеспе», «Үлпершек», «Шыртылдақ», «Майсөк», «Бүрме қарын», «Әсіп» тағамдары дайындалып, көрерменге ұсынылды.
Байқауда бас жүлдеге ие болған Лекер ауылының тұрғыны Майгүл Захидолла «Бүрме қарын» тағамын дайындады.
– Бұл – қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Бұрынырақта тек ет салып, жерге, тандырға көму арқылы жасаған. Бір қойдың еті өз қарнына сыйып кетеді екен. Бұл тағамды бала кезімде нағашы әжемнен көп еститінмін. Мен жылқының етінен жасадым. Жалпы қой мен сиыр етінен де жасалады, – дейді Майгүл Захидолла.
Бірінші орынды Майқайың кентінен Сәуле Абильдинова, екінші орынды Ұзынбұлақ ауылынан Арай Ақылбекова, үшінші орынды Егіндібұлақ ауылынан Меруерт Сембекова және Үшқұлын ауылынан Айнагүл Амалхан иеленді. «Шебер қолдар» номинациясымен Жаңатілек ауылынан Алтынай Сулешева, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Ақсаң ауылынан Ылай Дәулетқан марапатталды.
Қатысушыларға Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.