Әскер өмірінен бір күн: павлодарлық оқушылар сарбаздармен кездесті
Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде ерекше қонақтар бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың ауылдық мектептерінен келген оқушылар Ашық есік күніне қатысып, сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл жолы әскери өмірді кітаптан оқып немесе экраннан көру емес, бәрін өз көзімен тамашалауға мүмкіндік туды.

Қонақтарды қарсы алған әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Байрам Әлиев сарбаздардың күндіз-түні, ауа райына қарамастан Павлодар қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті.
Алда оқушыларды қызыққа толы бағдарлама күтіп тұрды: әскери техника мен қару-жарақ көрмесі, бейнероликтер көрсетілімі, қызметтік иттердің өнері және нағыз сарбаз асханасы! Әсіресе, қылмыстарды ашуға, есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуге машықтанған төрт аяқты сақшылардың қабілеті көпшіліктің қызығушылығын оятты.

ҚР Қарулы Күштері ардагерлері кеңесінің Павлодар облыстық филиалының төрағасы Жан Қаратаев жастарды әрбір көрсетілімге мұқият қарап, әскери қызмет туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға шақырды.

Тереңкөл ауданы Томарлы ауылы мектебінің 11-сынып оқушысы Иван Фелькер үшін бұл кездесу ерекше әсерлі болды.
- Мұндай шаралар патриоттық сезімді арттырады. Әскери өмірді ішінен көргенде, әркім өзіне ой түйеді. Бала кезімнен әскери қызметке қызықтым, ескерткіштер жанындағы салтанатты шараларда қарауыл болуды армандайтынмын. Ол арманым орындалды. Енді әскери кинологияға қызығушылығым оянды. Ал болашақта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бергім келеді, – дейді Иван Фелькер.
Ашық есік күні оқушылар үшін танымдық экскурсия ғана емес, мамандық таңдауға ой салған қызықты кездесу болды. Ал сарбаздардың күнделікті ас мәзірінен дәм тату осы ерекше күннің есте қаларлық қорытындысына айналды.