Павлодарлық шебер балконында жүн кептіріп, қолдан матрас тігуде

Ол тың әдістерін балаларға үйретіп, ұлт мұрасын заманауи ұрпаққа табыстап келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айнагүл Арабданова – «Бір ауыл – бір өнім» атты көрмесінің қатысушысы. «Дарын» орталығында ұйымдастырушы болып қызмет етсе де, қала жағдайында таза жүнді кір машинада жуып, балконында кептіріп, одан табиғи әрі жайлы матрастар дайындайды. Ұлттық дәстүрді жаңғыртқан ол табиғи материалдан жасалған төсек жабдықтарының денсаулыққа пайдалы екенін айтады.
– Қойдың жүнін ауылдағы туыстарымнан аламын. Бір матрасты жасау үшін алты күн уақытым кетеді. Үш күн жүнді балконда кептірем және үш күн өңдеймін. Нәтижесінде сапалы, табиғи, қолдан тоқылған өнім пайда болады. Қазіргі таңда жүннен матрастан басқа нәски, шәлі, сырмақ, тәпішке сияқты заттарды тоқимын,– дейді Айнагүл Арабданова.
Жүн өнімдерімен бала кезінен айналысып келе жатқан шеберге қолөнерге деген қызығушылықты анасы сіңірген. 20 жасынан бастап бұл іс тек ермек емес, өмір жолына айналған.
Осы жылы алғаш рет наурыз мейрамынна қарсы мектептерде жүн иіру, жіп жасау, сырмақ пен тәпішке тоқу сияқты игі істерді балаларға көрсетіп, үлкен қызығушылық тудырған.
– Ұршықпен жіп иіргенде уақыт тоқтап, ойың тазарады. Бұл тек қолөнер емес, жанға шипа. Ең бастысы ұлттық құндылықты сақтап, балаларға жеткізу, – дейді шебер.
Бұл бастама ұрпаққа ғана емес, болашаққа да қызмет ететін іс. Жүн иіру, жіп жасау, шәлі тоқу сияқты ата-бабамыздан қалған өнердің жойылып кетпеуі үшін дәл осындай адамдардың еңбегі ауадай қажет.