Асайын Байханов: Павлодар облысының болашағы әр тұрғынның таңдауына байланысты

Асайын Байханов: Павлодар облысының болашағы әр тұрғынның таңдауына байланысты
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәслихат депутаттарын сайлаудың өңір дамуы үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мәслихаттар жергілікті басқару жүйесінде маңызды рөл атқарып, тұрғындардың мүддесін қорғауға және өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, туған өлкесінің болашағы мен тұрғындардың әл-ауқаты үшін өз таңдауын жасағанын айтты.

Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихаттардың рөлін нығайту және депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыру жөніндегі бастамаларына да тоқталды.

– Мәслихаттар жергілікті басқару жүйесінде маңызды орын алады. Себебі дәл осы деңгейде тұрғындардың мүддесі қорғалып, өңірлерді дамыту, экономика, әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері бойынша шешімдер қабылданады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол Павлодар облысының тұрғындары белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беру құқығын пайдаланатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, өңірдің болашағы әр азаматтың таңдауына байланысты.

– Сайланған депутаттар жерлестеріміздің мүддесін сенімді түрде қорғайтын, халықпен ашық диалог орнататын, бастамашыл әрі нақты нәтижеге бағытталған азаматтар болады деп сенемін, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Өңір басшысы сайлау өзара құрмет пен түсіністік жағдайында өтіп, Павлодар облысы мен еліміздің дамуына үлес қосатын маңызды қадам болатынына тілектестік білдірді.