Астана – Павлодар автожолындағы апат жас жігітті аяқсыз қалдырды
Жол апатынан тағы екі адам зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқыс оқиға 29 мамыр күні кешкі уақытта Астана – Павлодар автожолының Төртқұдық ауылы маңындағы учаскесінде орын алған. Оқиға орнына Шідерті ауылындағы қосымша 103 пунктінің медицина қызметкерлері мен апаттар медицинасы орталығының бригадасы 12 минут ішінде жеткен.
2005 жылы туған жігіт пен қыз ауыр дене жарақаттарын алып, І дәрежелі жарақаттық шок жағдайында болған. Сондай-ақ 22 жастағы ер адам мен 62 жастағы әйелге жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, гематомалар мен сырылған жарақаттар диагнозы қойылды. Зардап шеккендердің барлығы Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, 2005 жылы туған ер адам политравмамен реанимация бөліміне жатқызылды. Оған төменгі аяқ-қолдардың ауыр қосарланған жарақаты, оң жақ төменгі аяқ-қолдың жарақаттық ампутациясы жасалды. Сол жақ төменгі аяқ-қолдың аса ауыр зақымдалуына байланысты ампутация көлемінде ота жүргізілді.
— Облыстың бас реаниматологының консультациясы өткізілді. Сондай-ақ республикалық үйлестіру орталығы мамандарының қатысуымен консилиум ұйымдастырылды. Емдеу тактикасы айқындалды, емделушіге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Бүгінгі таңда емделушінің жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін республикалық үйлестіру орталығы мамандарының қатысуымен қайта консилиум өткізіліп, әрі қарайғы емдеу тактикасы айқындалады, — делінген хабарламада.
Ал 2005 жылы туған әйел адам бас және кеуде қуысының жарақаттары, көптеген соғылулар мен сырылған жарақаттармен травматология бөліміне жатқызылды.
Жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде. Травматология бөлімінде ем қабылдауды жалғастыруда.
Жол апатынан зардап шеккен үшінші адам 1964 жылы туған әйел. Ол бас жарақатымен, көптеген соғылулар және сырылған жарақаттармен травматология бөліміне жатқызылды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін әрі қарай ем қабылдаудан бас тартты.