Павлодарлық дәрігердің ерен еңбегі бағаланды
Оның еңбек өтілі 40 жылдан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық №1 ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-невропатолог Людмила Титаренко «Қазақстан неврологиясының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Марапат Алматы қаласында өткен халықаралық нейроғылымдар білім беру форумында табысталды. Форумға Қазақстанның жетекші неврологтары, ғалымдары мен профессорлары қатысты.
Людмила Титаренко медицина саласында қырық жылға жуық еңбек етіп келеді. Оның кәсіби жолы медициналық институтты тәмамдағаннан кейін жедел жәрдем қызметінен басталған. Кейін ол ми қан айналымы бұзылыстары бөлімінде, қазіргі инсульт орталығында 15 жыл жұмыс істеді. Қазір дәрігер Павлодар қалалық №1 ауруханасының жалпы неврология бөлімін басқарады.
Дәрігердің айтуынша, еңбек жолында көптеген кәсіби дағдыларды меңгеріп, түрлі медициналық манипуляларды игерген. Ол — Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, ал 2024 жылы «Үздік невролог» атанған.
– Бұл марапат мен үшін күтпеген жағдай болды. Форум ұйымдастырушылары тек қатысатынымды растауды сұраған еді. Осындай беделді халықаралық форумда еліміздің жетекші неврологтары мен ғалымдарының алдында марапат алу — үлкен құрмет, – деді Людмила Титаренко.
Сондай-ақ ол өзінің еңбек жолының басым бөлігі Павлодар қалалық №1 ауруханасымен байланысты екенін атап өтті.