Ақсулық жас жұбайлар сайлауға бірге келді
Әлібек пен Аяжан №47 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
23 тамызда Ақсу қаласында Құрылтай сайлауына жас жұбайлар бірге келді. 28 жастағы Әлібек Қабылда мен 24 жастағы Аяжан Қайрат сайлауға бірге қатысуға шешім қабылдаған.
Жастардың бақыт хикаясы да ортақ істен басталған. Екеуі Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында танысқан. Әлібек сол жерде мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс істеген, ал Аяжан өндірістік тәжірибеден өтуге келген.
– Алғашында жай ғана араласып, дос болдық. Екі жылдан кейін бір-бірімізге ұнайтынымызды түсіндік. Бұл – бірге қатысып отырған алғашқы сайлауымыз, – деді Әлібек.
Жастардың ортақ тұстары көп екені белгілі болды. Екеуі бір жоғары оқу орнын, бір факультет пен бір кафедраны тәмамдап, бір мамандық алған. Қазір ерлі-зайыптылар қайтадан бірге жұмыс істеп, тіпті бір кабинетте отырады.
Өңір тұрғындары 522 сайлау учаскесінде дауыс береді. Оның 140-ы облыс орталығында орналасқан. Сайлау комиссияларының құрамында 3,4 мыңнан астам адам бар. Барлығы 145 депутат сайланады. Бұл мандаттарға жеті саяси партиядан 545 кандидат тіркелген.
Өңірде шамамен 500 мың сайлаушы бар. Бюллетеньдер заң талаптарына сәйкес, сайлаушылар санына тағы бір пайыз қосу арқылы дайындалған.
Дауыс берудің қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінген. Өңірдегі 522 учаскенің 21-іне кіру мүмкіндігі шектеулі. Олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, уақытша ұстау изоляторларында, ауруханалар мен шипажайларды орналасқан.