Ақтоғай ауданында мектеп автобустары жаңартылды

Ақтоғай ауданында мектеп автобустары жаңартылды
Фото: Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

1 қыркүйекте мектеп әкімшілігіне алты жайлы автобустың кілті табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қожамжар ауылында 1-сыныпқа баратын 13 оқушы үшін алғаш рет мектеп қоңырауы соғылды. Салтанатты шарада мектепке шалғай ауылдардан балаларды тасымалдайтын 30 орындық жаңа автобус табыс етілді.

– Қымбатты ұстаздар, оқушылар, ата-аналар, ауыл тұрғындары, баршамыз үшін  ерекше мереке – Білім күнімен құттықтаймын. Биыл Ақтоғай ауданында барлық мектеп автобустары жаңартылды. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар балаларымыздың игілігіне жұмсалатынына кәміл сенемін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова.

Өткен жылы Қожамжар ауылындағы Тіленшин атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы үш жылда облысымызда 165 мектеп жаңартылды. 

Орта мектеп директоры Зәмзәгүл Ұнайбаеваның айтуынша, мектепте 152 оқушы білім алса, шағын орталыққа 30 бала барады. 

– Өткен жылы мектебімізге жөндеу жұмыстары жүргізілді, биыл жаңа автобустар берілді. Мұның барлығы балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай туғызады, – дейді  Зәмзәгүл Ұнайбаева.

Облыс бойынша барлығы 46 мектеп автобусы сатып алынды, оның тоғызы Ақтоғай ауданына арналған. Биылғы оқу жылында жаңа көліктерді Қайырбаев, Абай, Бигелдинов, Тіленшин, Алтынсарин, Ыдырысов, Қараоба және Нығманов атындағы орта мектептер және Балтасап негізгі мектептеріне табысталады.

Осылайша, Ақтоғай ауданындағы барлық мектептер оқушыларды жеткізу үшін көлікпен қамтамасыз етілді. Айта кету керек, барлық автобустарда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған көтергіштер бар.

Еске сала кетейік, жалпы облыс бойынша 2023-2024 оқу жылы мектеп табалдырығын 115 мың оқушы аттады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда мың балаға артық. Бірінші сыныпқа 12 мың бала қабылданды. 11 сыныпта 4 423 түлек оқиды.