Азия ойындарына қатысу үшін Павлодар облысының 20 спортшысы сынға түсуде
Облыс бойынша велоспорттан көп спортшы іріктеу жарыстарына қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.
– 2023 жылғы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында 19-шы Жазғы Азия ойындары өтеді. Осы жарыстарға іріктеу және қатысу үшін Павлодар облысының 20 спортшысы республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуға дайындалуда, – деді Нұрлан Есембаев.
20 спортшы спорттың 8 түрінен жарыстарға қатысады. Еркін күрестен – 2 спортшы, оқ атудан – 3, велоспорттан – 5, батуттық гимнастикадан – 1, шахматтан – 2, бокстан – 3, жеңіл атлетикадан – 3, таэквондодан – 1.
Нұрлан Есембаевтың айтуынша, облыста 126 спортшы материалдық қолдау ретінде ай сайын ақшалай көмек алып тұрады. 50-345 мың теңге аралығында қолдау көрсетіледі.
– Сомасы спортшылардың көрсеткен нәтижелеріне байланысты. Ақшалай көмекті Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олимпиада қатысушылары, универсиада жүлдегерлері алуда, – деді Нұрлан Есембаев.
Айта кетейік, облыста дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны 282 532 адамды құрайды, оның ішінде ауылда 89 690 адам немесе 37,43%.
Фото: ашық дереккөздерен