Павлодар облысында сайлау учаскесіне отбасымен келгендердің саны артуда

Павлодар облысында сайлау учаскесіне отбасымен келгендердің саны артуда
Фото: автор

Тұрғындар белсенділік танытып, таңдау жасауды жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданындағы №433 сайлау учаскесінде дауыс беру қарқынды өтіп жатыр. Учаскелік комиссия төрайымы Ғалина Қапаеваның айтуынша, тұрғындар сайлау орнына отбасымен келіп, азаматтық ұстанымдарын білдіруге ниетті.

– Белсенділік танытып жатқан жастар көп. Отбасымен келетіндер де бар, – деді ол.

Комиссия мәліметінше, учаскедегі ең жасы үлкен сайлаушы – 93 жастағы әйел. Денсаулық жағдайына байланысты үйден таңдау жасайтын екі тұрғын бар. Ал мүмкіндігі шектеулі тоғыз азаматтың жетеуі сайлау орнына өздері келген. Олар үшін арнайы кабинка қойылып, барлық қажетті жағдай жасалған.

– Қазір комиссия мүшелері денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтын жалғызбасты тұрғындардың үйлеріне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасап жатыр, – деді комиссия төрайымы.

Қазіргі таңда учаскеде алты бақылаушы жұмыс істеуде.

Комиссия мүшелері азаматтарға дауыс беру тәртібін алдын ала түсіндірген. Үй-үйді аралап, шақыру билеттерін тарату кезінде де бюллетеньді толтыру талаптары түсіндірілген.

№433 учаскесі мәдениет үйінде орналасқан. Аудандағы өзге сайлау орындары «Балдырған» колледжі мен кітапхана ғимараттарында жұмыс істеп жатыр. Азаматтар белгіленген пункттерде сағат 20:00-ге дейін өз таңдауын жасай алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін алғашқылардың бірі болып Негриенко отбасы сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген еді.