Ақтоғай тұрғыны қаңғыбас иттерден қауіптенуде

Ақтоғай тұрғыны қаңғыбас иттерден қауіптенуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көшелерді торуылдап жүрген бұралқы иттер жергілікті тұрғындардың зәресін ұшыруда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы ауыл тұрғындарының бірі әлеуметтік желідегі парақшада жазып,  тиісті шара қолдануды сұраған. 

– Көшеде таяқсыз жүру мүмкін емес, әкімдік пен ветеринарлық дәрігер үнсіз отыр. Ата-аналар балаларын мектепке өздері апаруға мәжбүр. Себебі, қаңғыбас иттер шабуылдайды. Таңертең жұмысқа шыға алмаймыз. Көктемде не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты, – деп жазды желі қолданушысы.

Ауыл тұрғынының айтуынша, жыл сайын аулада өсіріп отырған құстарына қаңғыбас иттер маза бермейді. 

Бұл жағдайға қатысты Ақтоғай ауданы әкімдігінде 2023 жылы тұрғындардың өтініші бойынша ветеринарлық мамандармен 213 қыңғыбас ит ауланып, жойылғанын хабарлады. Биыл да аудан тұрғындарының өтініштері бойынша қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстары ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес жалғасуда.

Еске сала кетейік, 2022 жылы Ақтоғай ауданында қаңғыбас ит 28 тауықты жайратып тастаған. Келтірілген шығынды итті қараусыз қалдырған иесі өтеді.  

Павлодар облысында әр қала мен ауданда қаңғыбас иттерді ұстайтын изоляторлар салу жоспарланған.