Павлодарлық СОБР қызметкері полиция туралы ән мен бейнебаян ұсынды

Павлодарлық СОБР қызметкері полиция туралы ән мен бейнебаян ұсынды
Фото: Константин Шелков

Авторлық туындының премьерасы Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік концертте өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінде өткен мерекелік концертте «Заң мен тәртіп» атты авторлық ән мен бейнебаянның тұсаукесері өтті.

Жобаның ерекшелігі – оның авторы әрі орындаушысы арнайы мақсаттағы жасақта қызмет ететін офицер Темірлан Хамитов болуы.

Полиция департаментінің мәліметінше, шығармашылық жоба полиция қызметкерлері туралы қалыптасқан көзқарасты жаңа қырынан көрсетуге бағытталған.

– «Заң мен тәртіп» – бұл азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақтылығы. Жоба полицейлердің кәсіби даярлығын көрсетіп қана қоймай, форманың ар жағында өз елін сүйетін қарапайым адамдар тұрғанын жеткізеді, – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бейнебаянға Павлодар гарнизонының қызмет атқарып жүрген полицейлері түскен. Авторлардың айтуынша, бұл туындының шынайылығын арттырған.

Музыкалық жоба арқылы полиция қызметкерлері қоғамға қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің маңызын түсіндіруді көздейді. Сонымен қатар бейнебаян азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайтуға бағытталған.

Жоба авторлары жаңа туынды көрермендердің жүрегінен орын алып, заң мен тәртіп құндылықтарын насихаттауға ықпал етеді деп сенеді.

Бейнебаян облыстық полиция департаментінің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Организация (@dp_pavlodar)

Еске сала кетейік, Қазақстан полициясы күні қарсаңында ведомство бірқатар ашық форматтағы іс-шара өткізді. Орталық жағалауда арнайы техника көрмесі мен «Бейбіт күннің батырлары» фотокөрмесі ұйымдастырылып, кешкісін мерекелік концерт өтті. Шараның басты мақсаты – тұрғындарды полиция қызметінің қыр-сырымен таныстырып, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайту болды.