Павлодар облысында қанша тұрғын саусақ іздері арқылы құжат алды?
Азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу еркін түрде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары мен тұрақты тұратын шетелдіктерді дактилоскопиялық тіркеу енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Жыл басынан бері жеке басын куәландыратын құжаттарды – паспорт, жеке куәлік беру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу ерікті негізде жүргізіледі, – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның сөзінше, 22 қаңтардағы жағдай бойынша 355 азамат саусақ ізімен құжат алды. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңға сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында уақытша, тұрақты тұруға рұқсат немесе виза алу үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды міндетті түрде саусақ іздері арқылы тіркеу көзделген.
– Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартуы ҚР ӘҚБтК 443-бабына сәйкес Қазақстан Республикасынан әкімшілік шығарып жіберуге әкеп соғады. Бүгінде 782 шетелдік осы рәсімнен өтті, – деді Жасқайрат Қайыров.
Осы рәсімнен өту үшін уақытша болу орны бойынша көші-қон қызметі бөліміне жүгіну қажет.