Павлодарда өрт сөндірушілер туралы жаңа көркем туынды таныстырылды
Кітап Асқар Забикуллиннің ерлігіне арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы кітапханада жазушы, қоғам қайраткері Жан Ақжановтың жаңа «Семья пожарного» атты кітабы таныстырылды.
Жазушының айтуынша, жаңа кітап өз өмірін қиып, адамдарды құтқарған және «Айбын» орденімен марапатталған батыр өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің ерлігіне арналған. Бұл – Қазақстандағы өрт сөндірушілер туралы жазылған алғашқы көркем шығарма. Бұған дейін ол медбикелер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, қаржыгерлер және қандастардың мәселелері туралы бірнеше көлемді еңбек жазған.

Автордың басты мақсаты – өрт сөндірушілердің қоғамдағы еңбегін көрсету, олардың дайындық деңгейінің маңызын жеткізу және мамандықтың беделін арттыру.
– Ресейде өрт сөндірушілерге арналған заманауи оқу орталықтары бар: тірі от пен түтін арқылы өтетін полигондар, вертолётпен жаттығу аймақтары, су айдындары. Қазақстанда да дәл осындай база қалыптастыру қажет, – деді Жан Ақжанов.
«Семья пожарного» – көркем шығарма, жанры – повесть. Онда нақты техникалық нұсқаулық емес, өмірдің шынайы көрінісі, кейіпкерлер тағдыры және қызмет барысындағы күнделікті қиындықтар суреттеледі.
Басты кейіпкерлерде екі дос, Аят – Ақтаудан, Санай – орталық өңірден.
Екеуі де Көкшетаудағы Азаматтық қорғау академиясын тәмамдаған. Кітапта олардың отбасы, күнделікті қызметі, шақыртулар, қауіпті жағдайлар және өрт сөндіруші психологиясы көркем тілмен баяндалған.

Кітапта нақты кәсіби терминдер де айтылған: өрт-техникалық қару-жарақ, кислородпен жұмыс, өрт кезінде су жетіспеуі, шақыртуға шығу уақыты, арнайы киімдердің элементтері.
Автордың сөзінше, бұл кітапты жазу оңай болмаған. Ол бір ай бойы өрт сөндірушілердің қасында болып, олардың жұмысын зерттеп, өрт сөндірушілерге ғана түсінікті терминдерді кітапта ашып, жазды.
Таныстырылымға Павлодар облысының өртке қарсы қызметінде 33 жыл еңбек еткен ардагер, полковник Алдаберген Қарабал да қатысты.
Ол кітаптың жарық көруін маңызды оқиға деп бағалап, жас ұрпаққа үлкен үлгі болатынын айтты.
– Өрт сөндірушілер туралы кітап жазылғаны үшін өте қуаныштымын. Кітапты қолыма алдым, енді үйде оқитын боламын. Жазушының жастарға дұрыс жол салып, жұмыстың қиындықтарын жазып отырғанына алғыс айтамын, – деді ол.
Кітаптың жалпы таралымы – 200 дана. Павлодар өңіріне 50-ге жуық кітап жеткізілген.