Э. Әзімова: «Тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар»
Конституциялық Сот төрағасы жаңа Конституция жобасының халықаралық стандарттарға сай әзірленгенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Конституциялық комиссияның жетінші отырысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова Қазақстанның жаңа Конституция жобасының маңыздылығына және оның ел дамуы үшін стратегиялық рөліне тоқталды.
– Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы. Ол мазмұнына, құрылымына және баяндау логикасына қатысты жалпыға бірдей танылған халықаралық конституциялық тәсілдерге сәйкес қалыптастырылады, – деді Эльвира Әзімова.
Сондай-ақ ол Ата Заңда мемлекеттік саясатқа, қоғамның дамуына қатысты негізгі қағидаттармен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктер де бекітілетінін атап өтті. Комиссия төрағасы өз сөзінде Конституция нормаларын неғұрлым егжей-тегжейлі реттеу, әдетте, заңдар деңгейінде жүзеге асырылатынын айтты. Бұл – Негізгі Заңды әзірлеудегі жалпыға ортақ тәжірибе.
Эльвира Әзімова Конституция жобасында бекітілген өзгермейтін құндылықтарға да ерекше назар аударды.
– Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және республиканың басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылған, – деді ол.
Эльвира Әзімова атап өткендей, комиссияның келесі отырыстарының бірінде Конституция жобасының өтпелі ережелеріне қатысты нормалар, яғни нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мерзімдері мен қазіргі Парламент пен тағайындалған лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерінің мерзімдері талқыланбақ. Комиссияның келесі отырысының өтетін күні қосымша хабарланатын болады.