Ақпан айында павлодарлық әртістер көрермендерді қандай спектакльдармен қуантады?

Ақпан айында павлодарлық әртістер көрермендерді қандай спектакльдармен қуантады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры репертуар ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ай соңына дейін көрермендер назарына алты қойылым ұсынылады. 

«Мұғалім» әлеуметтік драмасы 

4 ақпан, 16:00 

Ұстаз. Ол – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Бірақ оны ата-ана мен оқушы түсіне ме? Мұғалім тағдыры арқылы адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынуға болады. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.

Авторы: Қолғанат Мұрат. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Біз туралы» («Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша) лирикалық драма

6 ақпан, 18:00 / 7 ақпан 17:00 

«Жылымық» – адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драма. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің бұл туындысы – адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.

Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.

«Есіңе мені алғайсың» музыкалық-поэтикалық кеш

10 ақпан, 18:00

«Есіңе мені алғайсың», музыкалы-поэтикалық кеші ақынның тағдырында көрген қиыншылықтары мен қайғыларының желісінде өрбиді. Ғасырында біртуар тұлға, Хан-Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали бейнесі халықтың жүрегінен кеңінен орын алып, сыршыл да, сұлу поэзиясы ауыздан-ауызға жатталып қалды. Кеште ақынның сөзіне жазылған «Ана, сен бақыттысың», «Күрең күз», «Құмған алған», «Мен деп ойла», «Қазағым-ай», «Сарыжайлау», «Отан», «Қарасазым-ай», «Есіңе мені алғайсың» әндері шырқалады. 

Авторы: Мұқағали Мақатаев. Режиссері: Е Қауланов.

«Алғашқы махаббат» комедия

14 ақпан, 17:00

Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім. Алғашқы махаббат, албырт сезім, бұл – партадан басталатыны белгілі. Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Бұл албырттық па, әлде ақымақтық па? Бәлкім бұл шынайы сезім шығар. Мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттелетін қойылым көрермен көңіліне қуаныш сыйламақ. 

Авторы: Қанат Жүнісов. Режиссері: Жангелді Садықов

«Мысық үйі» ертегі

17 ақпан, 12:00 және 13:00

Бұл ертегі-пьесада өздерінің кедей, бірақ мейірімді жиендерінен бас тартып, тек бай әрі беделді жануарлармен араласқанды жөн көретін дәулетті Мысықтың оқиғасы баяндалады. Алайда, басына күн туып, зәулім үйі өртеніп кеткенде, ол жалғыз қалып, ешкімнен көмек ала алмайды. Өз қателігін дер кезінде түсінген Мысық кезінде өзі менсінбеген жандардың көмегін қабылдайды. Ертегі балаларды қандай жағдай болмасын қайырымдылыққа, мейірімділікке және өзара көмек көрсетуге үйретеді.

Авторы: П.Вальдгард, С.Маршак. Режиссері: А.Браун.

18 ақпан театр ұжымы Аққулы ауданына  гастрольдік іс-сапармен баруды жоспарлап отыр. 

«Балам, қашан келесің?..» драма 

ПРЕМЬЕРА

26 ақпан, 18:00 / 27 ақпан, 18:00

Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол– «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма әлде ажал ма?

Автор: Сәкен Сыбанбай. Режиссер: Жұлдызбек Жұманбай.