Екібастұзда оқушылар IT саласына арналған оқыту алаңын құрды
Бастапқыда шағын кездесулер мен сабақтардан басталған бастама бүгінде толыққанды қауымдастыққа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласында «Екібастұз Хаб» бағдарламашылар клубын №18 орта мектептің оқушысы құрды. 15 жастағы Даниял Нұрымжан жастарға арналған IT-жобаны дамытып келеді. Жоба жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды практикалық тұрғыда меңгеруге бағытталған. Оның бұл салаға қызығушылығы ұстаздарының қолдауының арқасында пайда болған. Алғашқы қадамдарын ол мұғалімі Шарбану Ахауованың жетекшілігімен жасап, жеке клуб ашу идеясы түрлі байқауларға қатысып, Жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшісі Еркін Құсанмен танысқаннан кейін туындаған.
Бүгінде Даниял Нұрымжанның қызметі бір клубтың аясынан шығып отыр. Ол – MektepAI білім беру платформасының авторы. Аталған платформаны шамамен 50 мың пайдаланушы қолданады. Жоба білім беру үдерісіне жасанды интеллектті енгізуге бағытталған және педагогтер арасында жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар, мектеп оқушысы мұғалімдерге заманауи ЖИ құралдарымен жұмыс істеу дағдылары бойынша оқыту сабақтарын өткізеді.
«Екібастұз Хабта» жасанды интеллект күнделікті жұмыста кеңінен қолданылады: оқу материалдарын дайындау, сабақтарды жоспарлау, стартап идеяларын генерациялау және құжаттарды рәсімдеу кезінде пайдаланылады. Оқыту практикалық тапсырмаларға негізделген – қатысушылар нарықты талдауды, сайттар мен қосымшалар жасауды, сондай-ақ ЖИ қолдана отырып цифрлық өнімдерді әзірлеуді үйренеді.
– Қазіргі таңда тек код жазуды білу жеткіліксіз. Ең бастысы – жасанды интеллектті нақты міндеттерді шешу үшін дұрыс қолдана білу, – дейді жобаның негізін қалаушы.
Клубқа қатысушылардың жасы әртүрлі – бастауыш сынып оқушыларынан бастап жоғары сыныптарға дейін. Кіші жастағылар үшін сабақтар ойын және визуалды форматта өтсе, ал үлкендері нақты жобалармен, стартаптармен және қолданбалы әзірлемелермен айналысады. Алғашқы нәтижелер де бар: клуб қатысушысы Алина Гуменюк хакатондарға қатысқаннан кейін өзінің жеке платформасын құрып, оны әрі қарай дамытып келеді.
Алдағы уақытта «Екібастұз Хаб» стартап байқауларын өткізу, жастар жобаларын қолдау, сондай-ақ Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен тренингтер мен білім беру іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.