Павлодардағы онкологиялық диспансерге заманауи техника жеткізіледі

Павлодардағы онкологиялық диспансерге заманауи техника жеткізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ол ерте анықталған қатерлі ісігі бар науқастарға жақсы ем алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық онкологиялық диспансердің диспансерлік бөлімінің меңгерушісі Сергей Борисенко Қазақстанда 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жоспары аясында биыл өңірге екінші линейлік үдеткіш орнату жоспарланып отырғанын айтты. Бірінші аппарат былтыр орнатылған. Жаңа аппарат қатерлі ісік ерте анықталған науқастарға сәулелі терапиямен емделуге мүмкіндік береді.

– Өкінішке қарай, бізде ПЭТ-КТ орталығы жоқ. Алайда диагноз бен көрсеткіші болған жағдайда емделуші республикалық орталыққа жіберіледі. Мұнда квоталар саны шектелмеген. Ал күнделікті емнің барлығы диспансерде қолжетімді. Ал күрделі операциялар тек бізде ғана жасалатындықтан кейде басқа өңірлерден науқастар сәулелі терапия алу үшін келеді, – дейді ол.

Ал онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарова қазіргі уақытта «күзетші лимфа түйінінің биопсиясы» әдісін енгізу үшін жабдық сатып алу көзделіп отырғанын айтты. 

Айта кетелік, былтыр диспансер қабырғасында шамамен 10 мың пациент ем қабылдады. 1680 адамға ота жасалған. Бұлар - қатерсіз түзілістер бойынша жүргізілген операциялар.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында қатерлі дерт бойынша ерте диагностикалау жақсы жолға қойылған. Дәрігерлер аурушаңдық деңгейінің артуын ерте диагностиканың жақсаруы мен скринингтік бағдарламалардың тиімді жұмыс істеуімен байланыстырды. Аурушаңдық құрылымында бірінші орында - сүт безі обыры, екінші орында - өкпе, үшінші орында - колоректалды обыр, асқазан және жатыр мойны обыры тұр.