Павлодарда су өшеді деген қауесет: шындық па әлде фейк пе?
Мессенджерлерде тараған жалған ақпарат қала тұрғындарын дүрліктірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, WhatsApp чаттарында бейсенбіден жұмаға қараған түні бүкіл қала бойынша су беру тоқтатылады деген ақпарат тарап жатыр.
– Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды және жалған болып табылады. Павлодар қаласында сумен жабдықтау жүйесі штаттық режимде, ешқандай үзіліссіз жұмыс істейтін болады. Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ, – делінген хабарламада.
Қала тұрғындарынан жалған ақпарат таратқан тұлғалар анықталған жағдайда, олар туралы мәліметті полиция департаментіне немесе «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің диспетчерлік қызметіне 8 (771) 392-33-38 және 78-75-00 телефон нөмірлері арқылы хабарлау сұралады.