Вена төріндегі түркі серпіні: Еуропа жүрегіндегі айтулы апталық әлем назарын аударды
Онда «Орта дәліздің» стратегиялық маңызы талқыланып, түркі мәдениеті паш етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі turkicstates.org сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы 12–15 қаңтар аралығында Вена қаласында өткен Түркі апталығы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық аренадағы беделін жаңа белеске көтеріп, жаһандық деңгейдегі көпжақты өзара ықпалдастықты нығайтқан тарихи оқиғаға айналды.
ТМҰ-ға мүше елдер, Венадағы халықаралық ұйымдарды, дипломатиялық миссиялар, сарапшылар, мәдениет қайраткерлері мен түркі диаспорасының өкілдерін бір арнаға тоғыстырған Түркі апталығы Түркі әлемінің ортақ мұрасын, стратегиялық бағыт-бағдарын және ынтымақтастығын кешенді түрде танытты.
Апталықтың беташары ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы бөлімшесінде (UNOV) «Жібек жолы бойындағы Түркі әлемі» атты фотокөрме ашылды. Салтанатты шараға БҰҰ-ның жоғары лауазымды тұлғалары, атап айтқанда, UNODC, UNIDO, UNOOSA және МАГАТЭ басшылығы қатысып, Түркі әлемінің өркениеттерді байланыстырушы тарихи рөлін жоғары бағалады.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Венадағы халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, соның ішінде МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында инновация, ғылым, озық технологиялар мен өнеркәсіптік даму салаларындағы институционалдық диалогты тереңдету мәселелері талқыланды. Бұл кездесулер Ұйымның жаһандық мәселелерді шешудегі белсенді қатысушыға айналғанын көрсетті.
Апталықтың негізгі саяси оқиғасы ретінде ЕҚЫҰ-ның Хофбург ғимаратында өткен «Жібек жолынан Орта дәлізге: көлік пен сауданы жеңілдету арқылы байланыстылықты дамыту» атты жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелді атап өтуге болады. Жиынға ТМҰ және ЕҚЫҰ Бас хатшылары, сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Халықаралық автомобиль тасымалдау одағының (IRU) өкілдері қатысты. Талқылау барысында Орта дәліздің Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтудағы стратегиялық маңызына басымдық берілді.
Мәдени бағдарлама аясында MuTh концерт залында өткен Түркі өнерпаздардының гала концерті Еуропа жұртшылығын тәнті етті. 400-ден астам мәртебелі қонақ қатысқан кеште Түркі әлемінің бай музыкалық мұрасы дәріптелді. Сонымен қатар Әзербайжан мәдени орталығында өткен 3-ші Диаспора әлеуетін арттыру бағдарламасы Еуропадағы түркі қандастардың өзара байланысын бекемдеп, институционалдық қабілетін нығайтуға жол ашты.
Венадағы Түркі апталығы Түркия Республикасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты қабылдаумен түйінделді. Женевада басталған бұл бастама енді Венада жалғасын тауып, Түркі әлемінің жаһандық деңгейдегі ықпалды халықаралық актер ретіндегі рөлін бекітті. ТМҰ Хатшылығы бұл диалог алаңын алдағы уақытта әлемнің өзге де маңызды дипломатиялық орталықтарында жалғастыруға ниетті.