Павлодар облысында қайтыс болған әйел бірнеше адамның өмірін сақтап қалды
Донордан алынған ағзалар трансплантациялауға Астана қаласына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Павлодар облысында қайтыс болған донордан ағзалар алынып, олар әрі қарай трансплантация жасау үшін Астана қаласына жеткізілді.
Медицина мамандарының хабарлауынша, 1986 жылы туған әйел 22 қаңтар күні ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, әйелге 26 қаңтар күні клиникалық және аспаптық зерттеулердің нәтижесі бойынша «ми өлімі» диагнозы қойылған. Диагноз консилиум шешімімен, оның ішінде жансақтау бөлімінің меңгерушісі, неврологтар мен медициналық ұйым басшылығының қатысуымен расталған.
Марқұмның туыстарымен жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін бір күннен соң олар донорлыққа саналы түрде келісім беріп, ағзаларды қайтыс болғаннан кейін алуға рұқсат еткен. Нәтижесінде донордан жүрек, бауыр, екі бүйрек және көздің қасаң қабығы алынды. Барлық ағзалар реципиенттерге трансплантация жасау үшін Астана қаласындағы медициналық орталықтарға жеткізілді.
- Қазіргі таңда ағзаларды тасымалдау операциялары басталып кетті. Отаның нәтижелері мен реципиенттердің жағдайы жұмыс күнінің соңында белгілі болады. Ми өлімі анықталғаннан кейін ағзалардың жарамдылық уақыты шектеулі, сондықтан барлық медициналық және ұйымдастыру шаралары жедел түрде жүргізіледі. Ағзаларды алу және трансплантациялау үдерісі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тегін негізде жүзеге асырылады, - деді Павлодар облысы бойынша трансплантология жөніндегі өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потеребух.
Дәрігердің айтуынша, биоконтейнерлерде бауыр мен бүйрек 8–10 сағатқа дейін сақталады. Дегенмен бүйрекке уақыт сәл көбірек беріледі - шамамен 12 сағатқа дейін, ал бауыр ишемияға сезімталдау. Ал жүрек арнайы аппаратта тасымалданады. Ол жерде жүрек өздігінен жұмыс істеп, қан айналымын қамтамасыз етеді. Арнайы зерттеулер мен талдаулар жүргізіліп, жүректің қызметі бақыланады. Мұндай жағдайда жүрек 24–48 сағатқа дейін ағзадан тыс жұмыс істей алады екен.
- Ми өлімі анықталғаннан кейін ағзаларды алу үшін орта есеппен бізде 1–2 күн ғана бар. Ми өлімі диагнозы қойылғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек туыстарымен әңгіме өткізу қажет. Олар не келісім береді, не бас тартады. Келісім алынған соң, ағзалардың жарамдылығын анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізіледі, кейін тіндік сәйкестік тексеріледі. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс. Бірақ келісім алынғаннан бастап ағзаларды алу сәтіне дейінгі уақыт барынша қысқа болуы тиіс, - деді Дмитрий Потеребух.
Спикер марқұм болған адамның тусытарының арасында донорлыққа келіспейтіндердің де барын атап өтті. Мысалы, 5–6 күн бұрын №1 қалалық ауруханада ми өлімі диагнозы қойылған донор болған. Алайда, жақындары діни себептермен қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтан бас тартқан.
Былтыр елімізде 18 қайтыс болған донор тіркелген. Оның 1-еуі Павлодар облысында. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда оң динамика, себебі 2024 жылы бар болғаны 6 донор ғана тіркелген.
Дмитрий Потеребух Қазақстан бойынша донорлықты күту парағында шамамен 4500 адам тұрғанын атап өтті. Олардың басым бөлігі - бүйрекке мұқтаждар, шамамен 3900-ден астам адам. Себебі олар гемодиализ арқылы 1, 2, 3, тіпті 10 жылға дейін өмірін сақтай алады. Ал бауыр, жүрек, өкпеге мұқтаж науқастар, өкінішке қарай, көбіне кезегі жетпей қайтыс болады екен. Павлодар облысы бойынша күту парағында 213 адам бар.
Айта кетелік, бүгін алынған органдар ағзалар бойынша трансплантация операциялары жүргізілуде, кешке қарай кімге қандай ағза салынғаны және операциядан кейінгі алғашқы нәтижелер белгілі болады.