Павлодарда көздің қасаң қабығын трансплантациялау бойынша бірегей ота жасалды

Павлодарда көздің қасаң қабығын трансплантациялау бойынша бірегей ота жасалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұған дейін мұндай күрделі медициналық араласулар тек Астана мен Алматы қалаларындағы республикалық ғылыми орталықтарда ғана жүргізіліп келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының бас штаттан тыс офтальмологы, Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Қасымхан Тілеубаевтың айтуынша, павлодарлық дәрігерлер алғаш рет көздің қасаң қабығын трансплантациялау – кератопластика операциясын жасады. Бұл – елімізде облыстық деңгейдегі медициналық мекемеде алғаш рет орындалған операция. Хирургиялық араласу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізілді. 

Дәрігердің сөзінше, донорлық қасаң қабық қайтыс болған донордан алынған және 24 сағат ішінде трансплантацияланған. Бұл – тіннің мөлдірлігін сақтау үшін аса маңызды мерзім.

– Қасаң қабық – қан тамырлары жоқ тін, сондықтан қан тобының маңызы жоқ. Ең басты талап – донор мен реципиентте жұқпалы аурулардың болмауы, – деп түсіндірді Қасымхан Тілеубаев.

Бір күннің ішінде екі операция жасалды. Әр операция орта есеппен 1,5-2 сағатқа созылды. Донорлық қасаң қабық 1956 жылы туған Павлодар ауданының тұрғынына және 1945 жылы туған павлодарлық әйелге сәтті трансплантацияланды.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, операцияға негізгі көрсетілім – дәрі-дәрмекпен емделмейтін тұрақты қасаң қабықтың бұлдырлануы.

– Бұл жағдайды халық арасында «көзге ақ түсу» деп атайды. Ол дәрі-дәрмекпен емделмейді. Науқасқа көмектесудің жалғыз жолы – зақымданған тінді алмастыру, – деді ол.

Қазіргі таңда Павлодар облысында қасаң қабық трансплантациясына ресми күту парағында 38 пациент тіркелген.

Облыстық аурухананың офтальмолог-дәрігері Анастасия Сулейманованың айтуынша, ота жасалған науқастардың жағдайы тұрақты және олар тұрақты медициналық бақылауда.

– Қатаң стерильді режим сақталады. Оңалту кезеңі ұзақ, кейде бір жылдан да асуы мүмкін, – деп атап өтті дәрігер.

Мамандардың айтуынша, кератопластикадан кейінгі ең қауіпті кезең алғашқы тәуліктен бастап үш айға дейін созылады. Бұл уақытта барлық медициналық ұсынымдарды қатаң сақтау аса маңызды, себебі тіпті қарапайым тұмау немесе режимнің бұзылуы трансплантаттың кері қабылдануына әкелуі мүмкін. Қалпына келу кезеңі аяқталған соң науқастардың көру қабілеті 20-30 пайызға дейін жақсаруы ықтимал. Бұл – ұзақ уақыт бойы дерлік көрмей келген адамдар үшін айтарлықтай нәтиже.

Айта кетейік, 39 жастағы әйелдің геморрагиялық инсульт салдарынан ми өлімі клиникалық сынақтар арқылы расталған. Астанадан келген трансплантолог-дәрігерлер облыстық кардиоорталықта көздің қасаң қабығымен қатар бүйрек, бауыр және жүректі  трансплантациялауды жүзеге асырды. Көпағзалы донорлық аясында 2004 жылы туған науқасқа жүрек, 2018 және 1997 жылы туған пациенттерге екі бүйрек, ал 1974 жылы туған науқасқа бауыр трансплантацияланды.