Павлодарда бірыңғай өңірлік инсульт орталығын құру жоспарлануда

Павлодарда бірыңғай өңірлік инсульт орталығын құру жоспарлануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол №1 қалалық ауруханасы базасында ашылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімдігінде өткен жиналыста денсаулық сақтау жүйесінің 2025 жылғы жұмысының қорытындылары, 2026 жылға арналған жоспарлар, сондай-ақ өңірде қысқы спорт түрлерін дамыту мәселелері қаралды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚР 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыру аясында облыста жалпы өлім-жітім деңгейі 3,1%-ға төмендеді. Соңғы үш жылдың ішінде ана өлімі жағдайлары тіркелген жоқ.

2025 жылы өңірде 8 227 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 7,7%-ға төмендегені тіркелді.

Облыста ана мен нәресте өлімін төмендету бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Нәресте өлімі көрсеткіші 15,3%-ға төмендеді. 

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 18 әйелдерге кеңес беру орталығы және 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 22 даму және ерте араласу орталығы ашылды. №1 облыстық перинаталдық орталықта бір күндік клиника, ұрықты қорғау орталығы, симуляциялық орталық, сондай-ақ шалғай елді мекендерден келген жүкті әйелдерге арналған пансионат жұмыс істейді.

Өлім-жітім көрсеткіштерінің тұрақты төмендеуі байқалады: қан айналымы жүйесі ауруларынан - 7,8%-ға; қатерлі ісіктерден - 20,4%-ға; жол-көлік оқиғалары салдарынан - 7,8%-ға.

2025 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық көмек көрсету жөніндегі Кешенді жоспардың барлық индикаторларына қол жеткізілді, оның ішінде ерте диагностиканың өсуі, асқынған жағдайлардың азаюы және пациенттердің бес жылдық өмір сүру деңгейінің ұлғаюы бар.

2025 жылдан бастап өңірде үш облыстық медициналық мекемені жаңғырту жұмыстары басталды: Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы және №1 облыстық перинаталдық орталық. Олардың базасында халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған құзыреттілік орталықтары құрылуда. Облыстық ауруханада гастроэнтерология және пульмонология бөлімшелері ашылды.

Қант диабетінің алдын алу мен емдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Облыста жыл сайын осы ауруға шалдыққан мыңнан астам жаңа науқас анықталады. Күрделі асқынулардың бірі - диабеттік табан жарасы, ол уақтылы емделмеген жағдайда аяқ-қолды ампутациялауға алып келуі мүмкін. 2025 жылы 85 пациентке әртүрлі деңгейдегі ампутация жасалды. Бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасы базасында диабеттік табан орталығын ашу жоспарлануда.

Жыл сайын облыстың стационарларына инсульт диагнозымен 3 000-нан астам пациент түседі. Осыған байланысты ағымдағы жылы Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасы базасында екі бейінді бөлімше ашу арқылы бірыңғай өңірлік инсульт орталығын құру жоспарлануда.

2025 жылы 3,6 млрд теңгеге 813 бірлік медициналық техника, сондай-ақ 13,8 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар сатып алынды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,6 млрд теңге бөлініп, 30 нозология бойынша 218 пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің үлесі жоспарлы көрсеткіштен асып, 8,52%-ды құрады.

2023-2025 жылдар аралығында облыста алғашқы медициналық көмек көрсететін 30 нысанның құрылысы аяқталды. 2026 жылы тағы 5 медициналық нысан салу жоспарлануда.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сәйкес, облыста сақтандырылмаған азаматтар саны 30% астам адамға азайды. Халықты МӘМС жүйесіне тарту жұмысы жалғасатын болады.

Жиналыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі Асайын Байханов 2026 жылы денсаулық сақтау саласындағы негізгі индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуді, ана өлімінің алдын алу шараларын қабылдауды, нәресте және балалар өлімін, әлеуметтік маңызы бар ауруларды төмендетуді, халықты профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтермен қамтуды күшейтуді, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуды, медициналық техниканы жаңартуды жалғастыруды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бақылауды күшейтуді, сақтандырылмаған халықты МӘМС жүйесіне тартуды, сондай-ақ медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін азайту шараларын қабылдауды тапсырды.

Фото: Валерий Бугаев