Жаңа оқу жылында жүз мыңдаған қазақстандық бала мектеп табалдырығын аттайды

Құжаттарды бірінші сыныпқа қабылдау 1 сәуірден 31 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің ақпаратына сәйкес, «Білім туралы» ҚР Заңына сай, 370 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа 6 жастан бастап ата-аналардың өтініші негізінде қабылданады. Құжаттарды «eGov mobile» қосымшасы, электронды үкімет порталы немесе мектепке тікелей қағаз түрінде тапсыруға болады. Ол үшін барлық мектептерде қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның мәліметінше, биыл eGov порталында құжат тапсыру рәсімі жеңілдетілген. Енді ата-аналарға медициналық анықтамаларды қолмен жүктеудің қажеті жоқ – «Бала денсаулығы паспорты» мен «Профилактикалық екпе картасындағы» мәліметтер жүйеден автоматты түрде алынады. Егер медициналық анықтамалар жүйеде болмаса, олардың скан-көшірмелерін жүктеуге болады. Сондай-ақ, өтініштің мәртебесін бақылау және оны бір батырмамен кері қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, өтініштер мереке және демалыс күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Сұраныс жіберілгеннен кейін өтінішті қарау мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды.