Павлодарлық боксшы әлем чемпионатындағы жарысты аяқтады

Павлодарлық боксшы әлем чемпионатындағы жарысты аяқтады
Фото: Pexels/cottonbro studio

Дубайдағы әлем чемпионатының ширек финалы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Серік Теміржанов бұл кезеңде тәжікстандық боксшы Акмаль Убайдовпен кездесті. Өкінішке орай, Ертіс ауданының тумасы қарсыласына бірден есе жіберіп қойды. Тәжік боксшысы жекпе-жектегі тізгінді қолға алып, оны соңына дейін уысынан жібермеді. Сонымен қатар, екінші раундта Серік Теміржанов Акмаль Убайдовтан ауыр соққы алып, нокдаунға ұшырады.

Ақырында Акмаль Убайдов жеңіске жетті, ал жерлесіміз әлем чемпионатының медаліне бір қадам жетпей елге қайтуға мәжбүр болды. Серік Теміржановтан басқа, Қазақстан құрамасы тағы алты боксшысынан айырылды. Алты қазақстандық боксшы жартылай финалға шықты. Бұл көрсеткіш бойынша командамыз Өзбекстан мен Ресейден кейінгі үшінші орында.

IBA бокс бойынша әлем чемпионаты БАӘ-де өтіп жатыр, оған 118 елден келген спортшылар қатысады. Барлығы 13 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Турнирдің жүлде қоры 8,3 миллион долларды құрайды.