Ekin-Patrol G2: Павлодар облысында 300-ден астам құқық бұзушылықты тіркеді

Ekin-Patrol G2: Павлодар облысында 300-ден астам құқық бұзушылықты тіркеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, жолдағы бақылау күшейтілген. Оған Ekin-Patrol G2 жүйесімен жабдықталған патрульдер зор үлес қосуда.  

Жыл басынан бері аталмыш жүйе арқылы облыс жолдарында 69 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат  нәтижесінде 5 адам қаза тауып, 105 адам әртүрлі жарақат алды. Мұндай оқиғалардың негізгі себебі жүргізушілердің жылдамдық режимін бұзуынан болып отыр. Осыған байланысты Павлодар облысының полицейлері жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтті.

– Мысалы, жыл басынан бері Ekin Patrol G2 мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендері арқылы 337 жылдамдықты арттыру фактісі тіркеліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзуды болдырмау үшін полиция қызметкерлері дрондарды да пайдаланады, – деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Ekin Patrol G2 жүйелері айналаны толық қамтитын камералар кешенімен жабдықталған. Олар бір мезгілде көліктердің жылдамдығын өлшеп, тұрақ ережелерін бұзуды тіркеп, мемлекеттік нөмірлерді дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексере алады. Бұл технологиялар полицияға жол-көлік оқиғаларының алдын алу және профилактикалық жұмыстарға басымдық беруге мүмкіндік береді.

Ведомство аталған шаралар азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтіп. Жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.