Павлодарда жол сапасын тексеру тәртібі талқыланды
Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне арналған оқыту семинары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Павлодар филиалы Жолаушылар көлігі басқармасымен бірлесіп іске асты.
Оқыту семинары Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандарының біліктілігін арттыру, қолданыстағы заңнама нормаларын және жол жұмыстарының қабылдануы мен сапасын бақылауда қолданылатын өзекті нормативтік құжаттарды түсіндіруді мақсат етеді.
- Семинар барысында спикерлер жол сапасын тексеру рәсімдерімен қатар, ведомстволық сараптама жүргізу және автомобиль жолдарын диагностикалау мәселелері туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ KazRoudLab ведомстволық порталының жұмысына, оның функционалы мен жедел бақылау және деректер алмасу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды, - делінген хабарламада.
Филиал директорының орынбасары Ербол Омаров атап өткендей, жол жобаларын іске асыруға орталық атынан тапсырыс берушілер, мердігер ұйымдар және бақылаушы органдар қатысады.
- Зертханалық сынақтардың қорытындысы бойынша хаттама жасалып, KazRoudLab жүйесіне орналастырылады және тапсырыс берушіге қолжетімді болады. Осыдан кейін анықталған сәйкессіздіктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдануы тиіс, - деді ол.
Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Фархат Оспановтың айтуынша, мұндай семинарлар орталық өкілдері үшін аса маңызды. Себебі олар тәжірибелік мәселелерді талқылауға, сондай-ақ талаптар, нормалар мен стандарттардағы өзгерістерді түсіндіруге мүмкіндік береді.