Екібастұзда гидротехникалық құрылыстар қалпына келтіріледі
Гидротехникалық құрылыстарды «ҚазСуШар» РМК теңгеріміне беруді қамтамасыз ету қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы Екібастұз ауылдық аймағының лиманды шабындық алқаптарында құрғақшылыққа қарамастан, жыл сайынғы табиғатты қорғау бойынша су жіберу жұмыстары нәтижесінде ірі азықтың едәуір көлемі дайындалды. Лиманды алқаптан өсім 36 мың тоннаны құрады. Шідертінің лиманды суару жүйесіне республикалық бюджет қаражаты есебінен 120 млн текше метр көлемінде су жіберілді.
– Биыл да бұл көлемді сақтау керек. Сондықтан республикалық бюджеттен қосымша ресурстар бөлу бойынша жұмыстар жүргізуіміз қажет. Жауапты органдармен осы сұрақты талқылап, алдағы уақытқа нақты жоспар құрдық, – деп жазды Іnstagram парақшасында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, 70-ші жылдары салынған гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін жер учаскелеріне арналған барлық құжаттаманы сәйкестікке келтіріп, гидротехникалық құрылыстарды «ҚазСуШар» РМК теңгеріміне беруді қамтамасыз ету керек.
Сонымен қатар әр жерінде ақаулар мен ойықтар бар аралық бөгеттерге де назар аударылады. Осы іс-шаралардың барлығын іске асыру шалғынды жерлерді пайдаланудың тиімділігін, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді, яғни ауыл шаруашылығы жануарлары санының тұрақты өсуіне, аймақтың өсімдік түрлері мен жан-жануарларын сақтауға ықпал етеді.