Ертіс-Баян өнімі – елорда төрінде
615 тоннаға жуық өнім, 80-нен астам өндіруші және орташа нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағада ұсынылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы елорда тұрғындарына сапалы азық-түліктің мол таңдауын және жергілікті өндірушілердің үздік өнімдері сатылымға шықты.
17-18 қазан күндері Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромының аумағында Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде.

Жәрмеңкеде 10 ауданның, сондай-ақ Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының 80-нен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынуда. Сауда сөрелерінде ет, көкөніс, картоп, бал, сүт және балық өнімдері, шұжық өнімдері, ұн, макарон және басқа да тауарлар бар.
Өнімнің басым бөлігін картоп, көкөністер мен бақша дақылдары құрады - 440 тонна. Сонымен қатар сатып алушыларға 102 тонна ет және жергілікті жерде өндірілген өнімдердің мол түрі ұсынылды.

– Картоп алуға келіп, ет пен бал да сатып алдық. Өнімдер өте сапалы, таңдау мол, бағасы қолжетімді. Мұндай жәрмеңкелер өте қажет, – деді елорда тұрғындарының бірі.
Елорда тұрғындары қолжетімді бағаға, өнімдердің сапасына және тауарларды өндірушілердің өзінен тікелей сатып алу мүмкіндігіне жоғары баға берді.

– Павлодар жәрмеңкесін әрдайым асыға күтеміз. Әсіресе ет ұнайды, ал бүгін көкөністер де алдық. Өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік болғаны жақсы, – деп атап өтті жәрмеңкеге келушілер.
Өңір мәдени бағдарламасын да ұсынды. Г.Потанин атындағы музей экспонаттарының көрмесі ұйымдастырылып, «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығының өнерпаздары мен облыс аудандарының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама көрсетті.

Жәрмеңке жергілікті өндірушілердің өнімдерін кеңінен таныстыруға, өңірлік брендтерді насихаттауға және елорда тұрғындарын Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті мен шығармашылық әлеуетімен таныстыруға мүмкіндік берді.