Павлодарлық кәсіпкерлер Қытай тауарлары көрмесіне шақырылды

Павлодарлық кәсіпкерлер Қытай тауарлары көрмесіне шақырылды
Иллюстрация: жасанды интеллект

Іс-шара аясында павлодарлық кәсіпкерлер үшін B2B кездесулер мен тікелей келіссөздер ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2-4 шілде аралығында Алматы қаласында Қытай тауарларының XXI көрмесі өтеді. Оған Қытай Халық Республикасының 400-ден астам жетекші компаниясы қатысады деп жоспарланған.

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, көрме қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Бағдарламаға сәйкес, 2 шілде күні сағат 14:00-де «Ақылды үй – ақылды өмір» тақырыбында 20 қытайлық компанияның қатысуымен B2B келіссөздер өтеді.

Сол күні сағат 17:00-де Қытайдың 41 экспорттаушы және импорттаушы компаниясымен кездесу ұйымдастырылады. Қытай тарапы қазақстандық өндіріс өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытып отыр.

Ал 3 шілде күні сағат 10:00-де көрме алаңында 29 қытайлық компания өкілдерімен мақсатты кездесулер өткізу жоспарланған.

Көрмеге құрылыс, денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындар қатысады.