Мемлекеттік сатып алудағы негізгі өзгерістер енгізілді

Мемлекеттік сатып алудағы негізгі өзгерістер енгізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру шеңберінде елімізде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң әзірленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

ҚР Үкіметі ресми Telegram арнасының мәліметінше, құжат тендер өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, өзгерістер келесілерге әсер етті:

конкурс өткізу мерзімі қысқартылды (конкурстық құжаттаманы талқылау 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қабылдау 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін);

құрылысқа байланысты жұмыс бойынша қоғамдық мониторинг енгізілуде. Жұмысты орындау кестелерін, шарттардың орындалуы туралы есептерді жалпыға қолжетімді ету, шарттардың орындалуын бақылауға жұртшылықты тарту жоспарлануда;

сатып алу нәтижелеріне шағымданудың жаңа тәртібі іске асырылуда. Сатып алуды жедел жүргізу және рәсімдердің кешіктірілуін болдырмау мақсатында шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайтын болады;

аз мөлшердегі сатып алулар бойынша 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алудың шекті мөлшері 3 000 АЕК-тен 4 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;

шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында осы санаттағы субъектілерден құны 50 000 АЕК-тен аспайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басым құқығы белгіленді;

тауарларды басым сатып алу бойынша жұмыс жалғасады;

ішкі нарықты қолдау мақсатында ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу арқылы веб-порталда отандық өндіріс тауарларын басымдықпен алу бойынша жұмыс жалғасады;

бәсекелестікті дамыту және бизнесті қорғау мақсатында мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері саналатын өнім берушілердің өтінімдерін жеке кәсіпкерлік субъектілері саналатын өнім берушілерден кемінде екі өтінім болған жағдайда веб-портал автоматты түрде қабылдамайды;

бағалық емес критерийлерді дамыту және жергілікті жеткізушілерді қолдау мақсатында аумақтық белгі (1%-дан 2%-ға дейін) және теріс мәндер (0.1%-дан 0.2%-ға дейін) түріндегі шартты жеңілдіктерді есептеу өзгертілді.