Павлодарда инсультті үш минутта анықтауға көмектесетін жасанды интеллект енгізіледі
Жаңа технология компьютерлік томография нәтижелерін жедел талдап, дәрігерлерге диагноз қою мен емдеу тактикасын таңдауда қолдау көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қараша айынан бастап Павлодар облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігерлері инсультті жедел диагностикалау үшін жасанды интеллект технологиясын қолдана бастады. Компьютерлік томография аппараттары Cerebra AI бағдарламасымен біріктірілген. Жүйе радиологиялық кескіндер мен клиникалық деректерді талдап, мидағы қан айналымының жіті бұзылу белгілерін анықтайды және зақымданған аймақтың көлемін бағалайды. Бағдарламаны әзірлеушілердің түпкі мақсаты – жасанды интеллект арқылы инсульттің туындау қаупін болжау мүмкіндігін де дамыту.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бұл жобаны басым бағыттардың бірі деп санайды. Себебі ми қан айналымының бұзылуы Қазақстанда өлім-жітім мен мүгедектікке әкелетін негізгі себептердің қатарында. Басқарманың арнайы медициналық қамтамасыз ету, цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу бөлімінің бас маманы Айжан Әкімбекованың айтуынша, жүйе еліміздің басқа өңірлерінде сынақтан өткізіліп, оң нәтижеге ие болған.
– Жасанды интеллектінің басты артықшылығы – диагноз қоюға және клиникалық шешім қабылдауға кететін уақытты қысқарту. Инсульт кезінде уақыттың маңызы ерекше. Медицинада кеңінен қолданылатын «уақыт – ми» қағидасына сәйкес, ишемиялық инсульт кезінде әр минут сайын шамамен екі миллион нейрон жойылады, – деп ескертті Айжан Әкімбекова.
Оның айтуынша, жасанды интеллект компьютерлік томография кескіндерін екі-үш минут ішінде талдап, ишемиялық немесе геморрагиялық инсульт белгілерін анықтауға, миға қан құйылу жағдайын және зақымданған аймақты бағалауға көмектеседі. Бұл рентгенологтың зерттеу нәтижелеріне толық сипаттама беруін күтпей-ақ, емдеу тактикасын дер кезінде таңдауға мүмкіндік береді. Ал бұл науқастың қалыпты өмірге тез оралуына және ауыр асқынулардың алдын алуға ықпал етеді.
Қазақстанда нейрорадиолог мамандардың тапшылығы жағдайында жасанды интеллект көмекшісінің пайдасы ерекше. Ол медициналық кескіндерге бастапқы талдау жүргізіп, мамандардың жүктемесін азайтады. Сонымен қатар, қабылдау бөлімі, сәулелік диагностика бөлімі, неврологтер мен реаниматологтер арасындағы өзара байланысты жақсартып, барлық қызметтің үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
– Жүйе, әсіресе, дәрігерлерге түсетін жүктеме жоғары болған кезде, түнгі уақытта және демалыс күндері сенімді көмекші бола алады. Бұл облыс орталығында ғана емес, өңірдегі қалалық стационарларда да диагностиканың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және медицина мамандарының шешім қабылдау кезіндегі сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді бас маман.
Сонымен қатар, ол жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайтынын атап өтті. Науқасқа қатысты түпкілікті шешімді әрдайым медицина маманы қабылдайды. Жаңа технология дәрігерге қосымша көмекші құрал, яғни екінші пікір ретінде қызмет етеді. Ол диагноз қоюдың жылдамдығы мен дәлдігін арттырып, маманның назарын маңызды белгілерге аударуға көмектеседі. Ал науқасты емдеуге қатысты жауапкершілік бұрынғыдай дәрігердің мойнында қалады.
Маманның түсіндіруінше, орталықта инсультті диагностикалау алгоритмі де жаңартылған. Инсультке күдік туындаған жағдайда жедел жәрдем бригадасы науқастың жағдайын бағалап, сөйлеу қабілетінің бұзылуы, бет әлпеті мен мимикасының өзгеруі, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы және басқа да неврологиялық белгілер негізінде алдын ала диагноз қояды. Одан кейін науқас кезекші инсульт орталығына жеткізіледі. Мұнда компьютерлік томография жасалып, жасанды интеллект көмегімен қажетті зерттеулер жүргізіледі. Алынған мәліметтер мидың зақымдану сипатын анықтап, әрі қарайғы емдеу тактикасын таңдауға негіз болады.
Айта кетейік, Cerebra AI – қазақстандық стартап. Бағдарламаны әзірлеуге Павлодар облысының тумасы да қатысқан. Әзірлеушілер жүйені өңірде пилоттық режимде тегін іске қосуға келісім берген. Қазіргі уақытта бұл технология шетелде, соның ішінде Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің клиникаларында бірнеше жылдан бері қолданылып келеді.
Қазір Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында әзірлеушілермен техникалық мәселелер келісіліп жатыр. Келесі аптада стартап өкілдері өңірге келіп, қалған мәселелерді шешуді жоспарлап отыр.
Кардиологиялық орталықтағы пилоттық жоба – жұмыстың алғашқы кезеңі. Ал 2027 жылы жүйені өңірдегі үш инсульт орталығына: облыстық кардиологиялық орталыққа, Екібастұз қалалық ауруханасына және Павлодар қаласының №1 ауруханасына енгізу жоспарланған.
Айта кетелік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) жүйесін жаңғырту және медицина саласына жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу мәселесіне ерекше тоқталған болатын.
Жолдауда Қазақстанда 5 жылда 1 000-нан астам жаңа медициналық мекеме ашылып, кадр тапшылығы 20,4%-ға қысқаратыны айтылған.